Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қызылордадағы топпен болған төбелес салдарынан жасөспірім пышақ жарақатын алды, деп хабарлады Polisia.kz.
Жасөсіпірімдер арасындағы құқықбұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу аясында Қызылорда қаласы ПБ ювеналды бөлімшесінің қызметкерлері күнделікті рейдтік шаралар жүргізеді.
Тәртіп сақшыларының сөзінше, ата-аналар тарапынан бақылау бәсеңдеп, кәмелетке толмаған жастар арасында қараусыз қалу жағдайлары көбейіп кеткен.
Мәселен, 13 мамыр күні кешке көпқабатты үй аулаларының бірінде жасөспірімдер арасындағы ұрыс-керіс топтық төбелеске ұласып кеткен. Полицейлер бөлімге төбелеске қатысқан 14 баланы жеткізді.
Төбелес салдарынан жасөспірімдердің бірі пышақталып, медициналық мекемеге жеткізілді. Қазір оның өміріне еш қауіп төніп тұрған жоқ. Күдікті ретінде бір жасөспірім ұсталды. Ол қамауға алынды. Төбелеске қатысқан басқа балалардың іс-әрекетіне құқықтық баға беріледі. Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 293-бабы, 3-бөлігі, 2-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде, - делінген ведомство хабарламасында.
Жасөспірімдердің ата-анасына қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 127-бабы, 3- бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тарту жөнінде мәселе қарастырылып жатыр.
Полицейлер ата-аналарға ескерту жасады.
Түнгі уақытта жасөспірімдердің ересек адамсыз көшеде жүруіне болмайды. Бақылаусыз қалу салдарынан жасөспірімдер оқыс оқиғаға тап болып, құқықбұзушылыққа барып жатады. Сол себепті балаларды бақылау мен олардың қауіпсіздігі бойынша шараларды күшейту қажет, - делінген хабарламада.