Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов Қызылорда облысы әкімі Гүлшара Әбдіқалықовамен кездесті.
Жиында Олжас Бектенов агенттіктің Қызылорда облысы бойынша департаментінің жаңа басшысын таныстырды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының 2021 жылдың 9 наурызындағы бұйрығына сәйкес, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысы лауазымына генерал-майор Қанат Қожахметов тағайындалды.
Өңір басшысы Гүлшара Әбдіқалықова жаңадан тағайындалған Қанат Қожахметовті қызметімен құттықтап, алдағы уақытта Мемлекет басшысы қойған міндеттерді бірлесіп атқаруда жұмысына сәттілік тілеп, сенім білдірді.
Қанат Қожахметов 1965 жылы Алматы қаласында туған. Ішкі істер министрлігінің Қарағанды жоғарғы мектебін және Ресей Федерациясы Президенті жанындағы мемлекеттік академияны бітірген.
Еңбек жолын ішкі істер органдарында 1987 жылдан бастаған.
1987-2009 жылдар аралығында Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Алматы облыстарында және Алматы қаласының ішкі істер органдарында, 2009-2018 жылдары Ішкі істер министрлігінде түрлі лауазымдық қызметтер атқарған.
2018 жылдың қыркүйек айынан бастап Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне ауысқан.
2020 жылдың ақпан айынан бастап осы кезге дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары қызметін атқарып келді.