Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қызылорда қаласындағы ЗК-169/5 мекемесіндегі жазасын өтеушілер қобдиша мен домбыра жасап жатыр.
Нұржан ағаштан түйін түйген бесаспап - шебер. Ол есірткімен ұсталып, 14 жылға бас бостандығынан айырылған.
Қазіргі уақытта 7 жылын темір тордың ар жағында өткізген. Мекемеде жазасын өтей жүріп, ағаш ұстасы мамандығын оқып, диплом алған. Жеті жылдан бері мекемеде ағаш бұйымдарын жасайды. Көбіне ағаштан қобдиша мен домбыра жасайды екен . Домбыра жасаудың қыр-сырын жіті меңгерген.
Домбыра жасау үшін қарағай, қайың, емен ағашы пайдаланылады. Бұл ағаштар міндетті түрде кепкен болуы керек. Ағаштар арнайы арамен кесіледі, жонылып формасына келтіріп аламыз. Формасына келтірілген шанақты қалыпқа салып, иіп, пеште күйдіреміз. Домбыраның мойнын, беті, құлағын арнайы желімнің көмегімен жабыстырамыз. Дайын болған домбыраны әбден сүргілеп, оюын салып, лак жағамыз. Бұл ұлттық аспапты жасауға шамамен он күндей уақыт кетеді, - дейді Нұржан.Нұржан домбыра шертетін болғасын оған домбыраның қоңыр үнін шығару қиын емес екен. Домбыра тартқаны болмаса, ағаштан түйін түюді осы мекемеге келгелі үйрене бастаған. Міне, жеті жылдан бері оның қолынан 200 –ге жуық домбыра мен қобдиша шыққан.
Бір қобдишаны жасауға шамамен бір аптадай уақыт кетеді. Қобдишаға да қарағай, қайың, емен ағаштары пайдаланылады. Алдымен ағаштан қобдишаның өлшемін дайындап алған соң, оны сүргілеп, формасына келтіреміз. Сыртына қарындашпен ою салып, арнайы кескіш құралдарды қолданады. Сырты дайын болған қобдишаны екі рет лактаймыз, екіншісі майлы лакпен үрлеу әдісі арқылы. Сыртқы бетіне сурет салу үшін майлы қаламды пайдаланамыз. Одан соң кобдиша ішін әдемі маталармен қаптаймыз. Қобдишалардың көлеміне байланысты жасалу уақыты да әртүрлі болады. Кішкене қобдишаларды 3-4 күнде жасасақ, көлемділеуін бір аптада жасаймыз. Жұмысым өзіме ұнайды. Айлығымды уақытылы аламын. Менің тілеуімді тілеп отырған жалғыз анам бар. Алатын айлығымның бір бөлігін анама жіберіп, қалғанына өзіме қажетті заттарды мекемедегі дүкеннен аламын, - дейді ол.