Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Қызылорда-Жезқазған жолының мәселесіне қатысты пікір білдірді. Бұл туралы өңір басшысы өз парақшасында жазды.
Көп жылдардан бері Қызылорда мен Жезқазған арасындағы ескі тас жолдың жөнделіп, заманауи стандарттарға сай болуы халықты мазалап жүрген мәселелердің бірі екені белгілі. Бұл мәселені жыл басында бірнеше мәрте үкіметтік деңгейде көтерген болатынбыз. Енді күні кеше Қазақстан Үкіметі тарапынан «Қазавтожол» ұлттық компаниясы Еуропа қайта құру және даму банкімен құны 240 миллион доллар тұратын Жезқазған-Қызылорда автомобиль жолының жаңа жобасына қол қойды - деп жазды Гүлшара Наушақызы.
Компания бұл қаржыны Қызылорда мен Жезқазған арасындағы ұзындығы 204 шақырымдық ескі жолды күрделі жөндеуге, сондай-ақ, Қызылордадағы ұзындығы 14,8 шақырымдық айналма жолдың құрылысына бөледі.
Жолды салу бағыты Қызылорда облысы жағынан басталады. Бұл жол Қытайдың батысы мен Ресейдің Орал өңірін байланыстыратын Е123 стратегиялық бағыты бойынша жолаушылар мен жүк тасымалын жақсартады. Жоба аймақтардың байланысын жақсартуға, жол қозғалысы қауіпсіздігі стандарттарының жоғарылауына мүмкіндік береді. Сондай-ақ, еліміздің ұлттық автожол жүйесінде электромобильдерді қолдануды қамтамасыз ететін жол инфрақұрылымын құруға әзірлік стратегиясын жасауға көмектеседі. Жоба қазіргі кезде жиілеп кеткен ауа райының құбылмалы жағдайында жол тұрақтылығын арттыруды, жолдардың климаттың өзгеруіне бейімделуін қамтитын іс-шараларды қарастырады. Бұл біздің мемлекетіміз үшін экономикалық интеграция мен COVID-19-дан кейінгі жағдайдың қалпына келуін жақсарту үшін дұрыс көлік инфрақұрылымын құруда аса маңызды болмақ - деді өңір басшысы.