Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қызылорда облысында мал ұрлығымен айналысқан екі тұрғын сотталды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының екі тұрғыны алдын ала сөз байласып, 2020 жылдың ақпан-сәуір айларында Жаңақорған ауданының Түгіскен ауылының жайылымында қараусыз жайылып жүрген, осы ауыл тұрғындарының ірі қара малын көлікке жасырын тиеп әкету арқылы жымқыруды кәсіп қылған.
Олардың қылмыстық әрекеттерінің салдарынан тоғыз жәбірленушіге жалпы сомасы 1 350 000 теңгеге мүліктік залал келтірілген.
Аталған деректер бойынша, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-1-бабы 3-бөлігінің 1-тармағы бойынша (Мал ұрлау) сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, қылмыстық іс сотқа жолданды, нәтижесінде ұрылардың бірі бес жылға, екіншісі үш жыл алты ай мерзімге сотталды.