Қызылорда облысында бірнеше әлеуметтік нысан ашылды

26 Желтоқсан 2020, 22:52
1852
Бөлісу:
Қызылорда облысында бірнеше әлеуметтік нысан ашылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова жұмыс сапарымен Шиелі ауданына барды, деп хабарлады Қызылорда облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.


Алдымен аймақ басшысы Тартоғай елді мекенінің ауыз сумен қамту жүйелерін көріп, бас су қоймасының іске қосылу рәсіміне қатысты. Ауданда инженерлік, коммуналдық инфрақұрылымды дамытуда, жол сапасын жақсартуда кешенді шаралар қабылданған. Нәтижесінде елді мекенде 293 дана көру құдықтары орнатылып, қыстақішілік 28,38 шақырым, тұтынушы тұрғын үйлерге дейін 19,26 шақырым ауыз су құбырлары жүргізілді. Жаңа ауыз су нысаны құрылысының сметалық құны 401 млн теңгені құрайды.

Мұнан кейін «Көкшоқы» мөлтек ауданынан тұрғындарға 3 қабатты 18 пәтерлі тұрғын үйдің кілті табыстады. Тұрғын үй құрылысына облыстық бюджеттен 176 млн теңге қаржы қаралған.

Әкім сапары барысында қос жолды темір жол үстінен соғылған автомобиль көпірі құрылысының ашылу салтанатына қатысты. Шиелі станциясының «Шиелі-20 бекет» учаскесіндегі автомобиль жолы көпірі «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында салынған. Жобаға 673 млн теңге қаржы қаралып, құрылыс жұмыстары іске асты. Құрылыс алаңына 75 маман тартылып, 18 техника жұмылдырылды. Көпірдің ұзындығы 60 метр, ені 11 метр, жолдың жалпы ұзындығы 1,2 км.

Мұнан кейін аймақ басшысы Жаңатұрмыс ауылдық округіне барып, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында іске асқан тұрғын үйлерді газға қосу рәсіміне қатысты.

Бүгін біз аудандағы тағы бір игілікті істің куәсі болғалы тұрмыз. Өздеріңіз білесіздер, бұған дейін жыл сайынғы есепті кездесуде ауыл халқының көтеріп жүрген ең басты мәселесі ауылға көгілдір отын тарту болатын. Міне, бүгін сол мақсатқа қол жеткізіп, табиғи газды салтанатты түрде қосқалы тұрмыз. Құны 204 млн теңге болатын бұл жобаға облыстық бюджеттен қаржы қаралып, Жаңатұрмыс ауылдық округі бойынша мыңнан аса ауыл тұрғындарының қуанышына орай 205 тұрғын үй табиғи газбен қамтамасыз етіледі, - деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Биыл аудан орталығы Шиелі кенті 100 пайыз газбен қамтылған. Жақаев елді мекенінде 260, Бидайкөл елді мекенінде 210 жеке тұрғын үй газға қосылған. Алдағы уақытта Н.Бекежанов, Қодаманов, Ақмая, Алғабас елді мекендерін газдандыру бойынша жұмыстар жалғасады.

 

Өзгелердің жаңалығы