Қызылорда облысында аспанасты музейі ашылмақ

21 Мамыр 2021, 13:46
2733
Бөлісу:
Қызылорда облысында аспанасты музейі ашылмақ

Қызылорда облысы, BAQ.KZ тілшісі. Арал ауданы аумағындағы «Возрождение» аралында көне қалдық кемелер орналасқан маңнан аспанасты музейі ашылмақ. Бұл туралы Қызылорда облысының Кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Фердоуси Қожабергенов мәлімдеді.

Әлемді шарпыған пандемия еліміздің, соның ішінде Қызылорда облысының туризм саласына кері әсерін тигізбей қоймады.

Өткен жылы Қазақстанға саяхаттап келушілердің саны 3,5 миллион адамнан аспады. Ал 2019 жылы елімізге келушілердің саны 6,2 миллион адамды құраған. Екі жылдың көрсеткіші бойынша Қазақстанға келушілердің саны былтыр 43,6 пайызға азайған. Осыған орай туризм саласына келіп түскен түсім де 44,6 пайызға төмендеп отыр. Мәселен, 2019 жылы 120,5 млрд теңге қаржы түссе, өткен жылы қаражат көлемі 66,8 млрд теңгені құрады.

2020 жылы Сыр еліне табан тіреген саяхатшылардың саны – 50704-ті құрап отыр. Бұл көрсеткіш 2019 жылы 20965 адамға артық болған еді.  

Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес имидждік іс-шараларға бөлінген қаражат көлемі қысқартылып, қаржы облыстық бюджетке қайтарылды. Алайда сала бойынша жоспардағы жұмыстар өз жалғасын тапты.

Өткен жылы облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының ұйымдастыруымен біршама іс-шаралар ұйымдастырылды. Атап айтар болсақ, аймақтағы туристік фирмалардың өкілдеріне арналған «Қорқыт ата» мемориалдық кешені мен «Байқоңыр» ғарыш айлағына ақпараттық тур өтті. Сонымен қатар өңірдегі мүмкіндігі шектеулі балалар үшін «Vizit Qyzylorda» туристік фирмасымен бірлесіп Қызылорда қаласында сити-тур ұйымдастырылды. Сонымен қатар халықаралық Аралды құтқару қорының ҚР-дағы атқарушы Дирекциясы және «Барсакелмес» қорығының мамандарымен бірге Арал ауданындағы «Возрождение» аралына экспедиция жүргізілді. Сондай-ақ 27 қыркүйек – Дүниежүзілік туризм күніне орай аймақтағы студенттерге арналған «Сығанақ» қалашығына тур ұйымдастырылды, - дейді Қызылорда облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Фердоуси Қожабергенов.

Басқарма басшысының айтуынша, қазіргі таңда Арал қорымен бірлесіп, «Возрождение» аралында көне қалдық кемелер орналасқан маңнан аспанасты мұражай ашу жоспарланып, оны жүзеге асыру жұмыстары жүргізілуде.

Сондай-ақ басқарма тарапынан еріктілердің қатысуымен «Asyl Mura» жалпыұлттық жобасы аясында Қазалы ауданындағы «Жанкент» қалашығына ақпараттық-тур және Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні мерекесіне орай мектеп оқушылары арасында «Тірі сабақ» атты қалаішілік сити-тур ұйымдастырылды.  

«Аталған жұмыстар бойынша биыл да өз жалғасын тауып келе жатқан шаралар бар. Ақпан айының басында «Шуақты бөбек» қайырымдылық қорының қарауындағы балаларға арналған қала ішінде тур ұйымдастырылды», - дейді басқарма басшысы Фердоуси Қожабергенов.

Өңірдегі туристік әлеуетті дамытудың бір бағыты – туристік орындардың инфрақұрылымын дамыту және имидждік шараларды ұйымдастыру. Осы мәселе төңірегінде басқарма басшылығы биыл әлеуметтік желі қолданушылары және қоғам белсенділерімен кездесіп, жоспар құрды. 

Сонымен қатар аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен туризм саласын дамытуға арналған арнайы мәжілісте жоспар мен алдағы мақсаттар туралы сөз қозғалды.

Нәтижесінде биыл облысқа 45 мың адам келеді деп болжанды. Сондай-ақ 7,1 млрд теңге қаржы болатын 9 нысанды іске қосу көзделіп отыр. Құрылыс жұмыстары кезінде мұнда 110 жұмыс орны, құрылыс аяқталған соң 150 жаңа жұмыс орны ашылады. Алдағы уақытта іске қосылатын бұл нысандар аймақтағы туризм саласының дамуына оң ықпалын тигізеді деп жоспарлап отырмыз, - дейді басқарма басшысы.

Сәулет өнерінің айрықша үлгісі болған Қорқыт ата кешені – облыста киелі мекен ғана емес, сонымен қатар туристер көп келетін нысанның бірі. Қорқыт ата музейінің ғылыми қызметкері Айгүл Боранбекқызының айтуынша, жыл сайын Қорқыт ата мемориалдық кешенін 13 мыңнан астам турист тамашалай алатын. Қазір карантин талаптарына сай кешенге туристердің келуі азайған.

Қазіргі таңда карантин талаптарына байланысты мұнда алыс-жақын шетелден туристер келмейді. Негізінен мұнда келушілерді қобыз бейнесіндегі ескерткіш қызықтырады. Ескерткіш биіктігі 12 метр, сондықтан ол алыстан көрінеді. Ескерткіш «Самара-Шымкент» тасжолында орналасқандықтан, жолаушыларды бұл маң қызықтыра алады. Кешен ішінде музей бар. онда Жанкент, Шірік-рабат, Жетіасар алқабынан табылған тарихи жәдігерлер, экспонаттар бар. Сондай-ақ музейде деректі фильмдер, күйлер топтамасы сақталған. Кешенді аралау тегін, музейге кіру құны 200 теңге, ал гид қызметі 600 теңге тұрады, - дейді Айгүл Боранбайқызы.

Қорқыт ата мемориалдық кешенінде туристерге барлық жағдай жасалған. Ескерткішке қарсы бетте арнайы орталық бар. Онда намаз оқуға арналған орын, асхана, қонақ үй қызметі де қарастырылған.

Өзгелердің жаңалығы