Қызыл кітапқа енген өсімдікті тасымалдаған ер адам ұсталды

23 Қараша 2021, 13:55
1428
Бөлісу:
Қызыл кітапқа енген өсімдікті тасымалдаған ер адам ұсталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жамбылдық полицейлер Қызыл кітапқа енген өсімдікті тасымалдаған ер адамды ұстады, деп хабарлайды облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Ағымдағы жылдың 18 қарашасында жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері "Браконьер" жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізу барысында Сарысу ауданының Жайлаукөл ауылынан 25 шақырым жерде заңсыз кесілген және пайдалануға тыйым салынған сүректі (сексеуілді) тасымалдаған адамды анықтап, ұстады. Ол 42 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты.

Ұсталған азамат кінәсін мойындады. Аталған дерекке қатысты ҚР ҚК 339-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. 1 текше мөлшеріндегі сексеуіл заттай дәлелдемесі тәркіленді. Сот-биологиялық сараптамасы тағайындалды.

Аталған қылмысты жасағаны үшін Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің талаптары бойынша мүлкі тәркіленіп және бес жылға дейінгі мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.

Жамбыл облысының Полиция департаменті сексеуілдің жойылып кету қаупі бар екенін еске салады! Еліміздің мемлекеттік орман қоры учаскелеріндегі сексеуіл өсімдігін кесудің барлық түрлеріне 2023 жылғы 31 желтоқсанға дейін тыйым салынған.


Өзгелердің жаңалығы