Қызметкері вакцина салдырмаған кәсіпкерге айыппұл салу заңсыз – «Атамекен»

10 Тамыз 2021, 17:19
4789
Бөлісу:
Қызметкері вакцина салдырмаған кәсіпкерге айыппұл салу заңсыз – «Атамекен»

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бас мемлекеттік санитар дәрігердің қаулысы шыққаннан кейін әлеуметтік желіде кәсіпорындарда вакцина салдырмаған қызметкерлер бар болғаны үшін кәсіпкерлерге айыппұл салынады деген ақпарат тарады.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бұл мәселеге қатысты түсініктеме алу үшін ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен ҚР Бас прокуратурасына жүгінген болатын.

Бүгінде, өкінішке қарай, екпе салдырмаған азаматтардың жұмысқа барғанын анықтаудың бірыңғай алгоритмі жоқ. Бұл фактілерді кім және қалай анықтайтыны белгісіз. Сонымен қатар ерекше жағдайлар бар - соңғы 3 айда COVID-19 жұқтырып ауырған адамдар, медициналық рұқсаты бар азаматтар жұмыс орындарына жіберіледі. Мұндай тұлғалар туралы мәлімет көрсетілген ақпараттық база жоқ. Бұл мәселе де ашық күйінде қалып отыр. Мұның бәрі кәсіпорындарда вакцинацияланбаған фактілерді анықтау үшін ескерілуі керек, – деді «Атамекен» ҚР ҰКП басқарма төрағасы орынбасарының м.а. Ербол Өстеміров. 

Ұлттық палата бұл мәселені Денсаулық сақтау министрлігімен пысықтауға дайын. Біздің міндетіміз – адал кәсіпкерлерге қатысты заңбұзушылыққа, тексеруші және мониторинг топтар тарапынан заңбұзушылыққа жол бермеу.

Сонымен қатар бас прокаратураның жауабы қарастырылды.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің аталған 425 және 462-баптарында вакцина салдырмаған қызметкерлер үшін жауапкершілікке тарту қарастырылмаған.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 462-бабының 3-бөлігіне сәйкес, субъект өзіне заңды негізде берілген санитарлық-эпидемиологиялық бақылау қызметкерлерінің актілерін орындамағаны үшін жауапқа тартылуы мүмкін. Мұндай актілер тексеру жүргізген жағдайда беріледі. Кәсіпкерлік кодекстің 143-бабы 3-тармағына сәйкес, тек тексеру парақтарында белгіленген талаптар бойынша субъектіге (объектіге) барып, тексеру және бақылау, қадағалауға болады. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық денсаулығы саласындағы тексеру парақтарында екпе егу талабы қарастырылмаған, – делінген ведомствоның ресми хатында. 

Ербол Өстеміровтің сөзінше, қызметкерлердің вакцина салдырғанын тексеру үшін құқықтық негіз жоқ.

Сондай-ақ Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 425-бабы бойынша әкімшілік жаза қолдануға негіз жоқ. Өйткені Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің қаулысы нормативтік құқықтық акт болып есептелмейді және заңнамаға қолданылмайды.

Айта кетейік, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі вакцина салдырмаған қызметкерлерді кәсіпорындарға жіберетін жұмыс берушілерге айыппұл салынады деп мәлімдеген болатын.

Өзгелердің жаңалығы