Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Режиссерлері Әзизжан Зайыров пен Мұхамед Мамырбековтың «Қыз бен теңіз» фильмі Silk Road Film Awards – Cannes кинофестивалінде «Әлеуметтік тақырыптағы үздік фильм» жүлдесімен марапатталды.
Сондай-ақ фильмде басты рөлдерді сомдаған актерлер Динара Шарипова және Тахир Умаров фестивальдің құрметті аталымына ие болды. Байқаудың нәтижелері фестивальдің Инстаграмдағы ресми парақшасында жарияланды.
Silk Road Film Awards – Cannes фестивалі жеңімпаздарды әр айдың соңында анықтайды. Үздік деп танылған фильмдер жылдың соңында III Александр атындағы театрда көрсетілетін болады. Бұл байқауға әлемнің тәуелсіз киногерлері қатыса алатынын айта кеткен жөн. Фестиваль шеңберінде қысқаметражды және толықметражды деректі, көркем фильмдермен қатар, телевизиялық жобалар да көрсетіледі.
Естеріңізге сала кетсек, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша «Новый мир» АРДИ студиясының қатысуымен Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ түсірген фильмнің сюжеті БЦП-мен ауыратын Әсел есімді бойжеткеннің қиын тағдыры, оның арманы, махаббат және отбасы туралы баяндалады. Фильм «ARDI» оңалту орталығының қамқорлығындағы (мүгедек балалардың ата-аналарының қауымдастығы) Динара Шарипованың өмірінен алынған нақты оқиғаға негізделген.
Айта кетсек, «Қыз бен теңіз» фильмі осы уақыт аралығында бірнеше халықаралық фестивальдерге қатысып, жүлдегер атанды. Кинотуынды былтыр Лондонда өткен Romford film festival фестивалінде «Үздік әйел адамның рөлі» (Динара Шарипова) жүлдесімен, Башқортостанда өткен IV «Күміс Ақбозат» фестивалінде «Әлеуметтік және мотивациялық кино» номинациясы бойынша қоғам қайраткері Каринэ Хабированың арнайы жүлдесімен, Башқортостан Республикасы отбасы және еңбек министрлігі атынан «Армандардың орындалуы» арнайы сыйлығымен (актер Тахир Умаров) және Барселонада өткен Asian Film Festival Barcelona кинофестивалінде «Үздік фильм» жүлдесімен марапатталған болатын.
Аталған кинотуынды биыл желтоқсан айының 24-і мен 26-ы аралығында Бангладеште өтетін Cinemaking International Film Festival-2020 халықаралық фестивальдің негізгі байқауына қатысады. Ал келер жаңа жылдың басында «Қыз бен теңіз» фильмі Болгарияда өтетін 13th Sofia Menar Film Festival кинофестивалі шеңберінде көрсетіледі.