Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 11 мамырда Қытайдың Сиань қаласында Қырғызстан сыртқы істер министрі Руслан Казакбаев пен Қытай сыртқы істер министрі Ван И кездесті.
Қырғызстан СІМ баспасөз қызметінің хабарлауынша, келіссөз барысында тараптар Қырғызстаннан Қытайға тасымалданатын ауылшаруашылық өнімі экспортын ұлғайту, "Торугарт" пен "Иркештам" бақылау өткізу пунктерінің жұмысын жетілдіру, тауар айналымын арттыру, гранттық жобаларды жүзеге асыру, "Қытай – Қырғызстан – Өзбекстан" теміржолын салу мәселесін талқылаған.
Бұған қоса, Қырғызстанның Қытай алдындағы мемлекеттік қарызын реттеу, қырғыз экономикасына инвестиция құю, ортақ инфрақұрылым жобаларын дамыту мәселелері сөз болған.
Министр Ван И Қырғызстанға коронавирусқа қарсы вакцинаның екінші партиясын (150 мың доза) жеткізетінін, сонымен бірге қырғыз экономикасын қолдау мақсатында 350 млн юань (шамамен 54 млн доллар) көлемінде грант бөлетінін айтқан.
Сонымен қатар, Пекиннің қарыз өтеуді кейінге қалдырғаны үшін Қырғызстаннан жарна алмау жайлы шешім қабылдағанын жеткізген. Пекин Бішкекке грант жобаларын жүзеге асыратын мамандарын қайта жіберетінін және азық-түлік бойынша көмек мәселесін қарастыратынын да айтып өткен.
Келіссөзден кейін тараптар 2022-2023 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасына қол қойған.