Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қараша айының соңында Қазақстан мен Қырғызстан бір-біріне су беру кестесін сақтамау себептерін талқылайды. Бұл туралы Сенаттағы Үкімет сағатында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев айтты.
Қырғызстанмен трансшекаралық өзендер саласындағы ынтымақтастық Шу және Талас өзендері бойынша жүзеге асырылады. Су ресурстарын бөлу 1983 жылғы ережелермен реттеледі. 2000 жылдан бастап Шу және Талас өзендерінде мемлекетаралық пайдаланудағы су шаруашылығы құрылыстарын пайдалану туралы үкіметаралық келісім қолданылады. Қазақстан осы келісім бойынша өз міндеттемелерін толық көлемде орындайды. Соңғы төрт жылда Қазақстан 75 млн теңге бөлді,- дейді Мағзұм Мырзағалиев.
Оның айтуынша, қырғыз тарапы Қазақстанға негізінен Шу өзенінің бассейнінде орналасқан мемлекетаралық арналар арқылы су беру кестесін мерзімді түрде сақтамайды.
Біздің өңір қазір суы аз табиғи кезеңге тап болды. Өз кезегінде, су беру кестесін сақтамаудың барлық себептері алдағы қараша айының соңында өтетін комиссия отырысында талқыланады. Қазіргі уақытта су беру кестесінің бұзылуына жол бермеу мақсатында, келесі жылдарға нақты шаралар қабылдануда. Қазақстан тарапы Киров су қоймасындағы (Қырғызстан) жөндеу жұмыстарын аяқтады. Бұл су қоймасын жинақтау режиміне өткізуге мүмкіндік берді. Өз кезегінде осы жайт келесі вегетациялық кезеңге қажетті су көлемін жинау үшін үлкен септігін тигізеді, - дейді министр.
Оқи отырыңыз: