Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Тәжікстанмен шекарадағы қақтығыстан зардап шеккен қырғыз азаматтарының саны 183-ке дейін жетті. Бұл туралы брифингте республиканың Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Ализа Солтонбекова мәлімдеді деп хабарлады 24.kg.
Оның айтуынша, зардап шеккендердің 99-ы елдегі ауруханаларда емделіп жатыр.
Бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі қақтығыстан Қырғызстанның 34 азаматы қаза тапқанын, оның ішінде 13 жастағы қыздың бар екенін хабарлаған.
Тәжік тарапы бейресми түрде 150-ден астам жараланған және 10-ға жуық адам қаза тапқанын жариялаған.
Естеріңізге сала кетейік, шекарадағы қақтығыс 28 сәуірде Баткен облысының Көк-Таш ауылындағы Головной су тарату пункті аймағында басталған болатын.