Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығы халықаралық деңгейде атап өтіліп жатыр. Осы ретте Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі елімізде өткізіліп жатқан мерейтойлық концерт, тағылымды шаралар жайлы тоқталып өтпек.
Қазақтың музыкалық мәдениетіне өшпес із қалдырған әйгілі композитор, дирижер Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойына орай елімізде және халықаралық деңгейде ауқымды іс-шаралар өткізіліп жатыр. Бұл шаралар ЮНЕСКО және ТҮРКСОЙ секілді беделді ұйымдардың қолдауымен жүзеге асуда.
Жыл бойы Қазақстанның барлық өңірінде 100-ге жуық іс-шара ұйымдастырылады. Көрмелер, концерттер, байқаулар мен фестивальдер арқылы ұлы сазгердің шығармашылығы дәріптелмек.
Халықаралық деңгейдегі шаралар
Мерейтойлық бағдарламаның ең басты іс-шарасы – Франциядағы ЮНЕСКО штаб-пәтерінде өтетін салтанатты концерт. Сонымен қатар, АҚШ-тың әйгілі Карнеги-холлында арнайы концерт пен көрме ұйымдастырылады. Ал Қытай астанасы Бейжіңде “Құстар қайтып барады” концерті аясында Нұрғиса Тілендиевтің шығармалары орындалады.
Алматыдағы мерейтойлық концерт
Алматы қаласы музейлер бірлестігіне қарасты Н. Тілендиев мемориалды музейі ұйымдастырған “Тілендиев күмбірі: Мәңгілік мұра” атты концерт көрермендерге ерекше әсер сыйлады.
Концерт барысында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің шағын құрамымен ұлы сазгердің төл туындылары орындалды. “Шеңбер” театрының әртістері Нұрғиса Тілендиевтің өмірінен алынған “Өнер мен уақыт”қойылымын сахналап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Сондай-ақ, Мәдениет саласының үздігі, әнші Бибигүл Қилымхан Құрманғазы оркестрінің сүйемелдеуімен сазгердің шығармаларын орындады. “Салтанат” мемлекеттік би ансамблінің солисі Балауса Сылқымбай және Рахат Сәрсенов ұлы композитордың “Аққу” биін сахналап, көрермендерді тәнті етті.
Концерт аясында Нұрғиса Тілендиев мемориалды музейінің арнайы көрмесі ұйымдастырылып, композитордың жеке заттары мен архивтік фотосуреттері ұсынылды.
Алматы облысындағы тағылымды шаралар
Мерейтой аясындағы іс-шаралар Алматы облысында жалғасын тапты. Жамбыл ауылында Нұрғиса Тілендиевтің ескерткішіне гүл қою рәсімі өтіп, сазгердің рухына Құран бағышталды.
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев салтанатты шара барысында композитордың қазақ музыкасына қосқан үлесін ерекше атап өтті:
Баршаңызды қазақ өнерінің жарық жұлдызы, күйші, дирижер, Қазақстанның халық әртісі Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: “Ел тарихында ерекше орны бар тұлғаларға құрмет көрсету – ұлттық бірегейлігімізді нығайта түседі”, – деп атап өткен болатын. Бұл мерейтой – ұлы композитордың шығармашылығын ұлықтап, кейінгі ұрпаққа насихаттаудың жарқын көрінісі, – деді әкім.
Қонақтар Жамбыл Жабаевтың әдеби-мемориалдық музейін аралап, ақын өмірі мен шығармашылығы туралы тың деректермен танысты.
Астанада “Әлқисса-Нұрғиса” мерейтойлық концерті өтті
Астанадағы Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымында Халық қаһарманы, көрнекті композитор, күйші, дирижер Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойына арналған “Әлқисса-Нұрғиса” атты салтанатты концерт өтті. Бұл кеш ұлы сазгердің ғасырлық мерейтойына арналған мәдени іс-шаралардың бастамасы болды.
Концерт барысында Нұрғиса Тілендиевтің құрметіне Мемлекет басшысының атынан гүл шоқтары табыс етілді.
Мерейтойлық кешке еліміздің белгілі музыканттары, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, халықаралық байқаулардың лауреаттары, сондай-ақ еліміздегі өнер ұжымдары қатысты. Олардың қатарында Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясының Нұрғиса Тілендиев атындағы академиялық фольклорлы-этнографиялық "Отырарсазы" оркестрі, Еркеғали Рахмадиев атындағы академиялық филармониясының симфониялық оркестрі, Б. Байқадамов атындағы мемлекеттік хор капелласы және танымал әншілер мен өнерпаздар бар.
Концерт барысында Нұрғиса Тілендиевтің мәңгілік туындылары шырқалып, оның шығармашылығының тереңдігі мен қазақ музыкасына қосқан өлшеусіз үлесі тағы бір мәрте паш етілді.
Мәдени шаралар жыл бойы жалғасады
Мерейтой аясындағы іс-шаралар жыл соңына дейін еліміздің түкпір-түкпірінде жалғасады. ЮНЕСКО деңгейінде аталып өтетін мерейтойға орай, халықаралық және республикалық деңгейдегі мәдени іс-шаралар өткізу жоспарланған.
Ұлы композитордың шығармашылығын дәріптеуге бағытталған бұл шаралар – қазақ музыка өнеріне көрсетілген құрметтің айқын дәлелі.