Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жамбыл облысының Шу ауданында сүңгуір қызметтік міндетін атқару кезінде қайтыс болды. Бұл туралы ТЖМ баспасөз қызметі хабарлады.
Кеше 2021 жылғы 3 сәуірде Шу ауданында Тасөткел су қоймасында 1997 жылы туған азаматты іздестіру жұмыстары жүргізілді. Ауа райының қолайсыздығы, желдің күшеюі салдарынан қайық аударылып, іздестіру жұмыстарын жүргізу орнында Жамбыл облысы ТЖД жедел-құтқару жасағының бас құтқарушысы Жұмағали Жеңісбекұлы Абдрахманов жоғалып кетті. Іздестіру-құтқару жұмыстары дереу басталып, 35 күн бойы жүргізілді, - деді ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәли.
10 мамыр күні сағат 12:20-да Шу ауданында, Тасөткел ауылынан 3 шақырым жерде, Тасөткел су қоймасында, Алматы облысы ТЖД Жедел-құтқару жасағының күшімен қамыс аймағында іздеу орнынан 500-600 метр қашықтықта акваторияны тексеру кезінде 1970 жылы туған бас құтқарушы Ж.Ж. Абдрахмановтың денесі табылды.
Жалпы іздестіру жұмыстарына 130-дан астам адам, соның ішінде 1 кинологиялық есеп, 16 бірлік техника, 2 тікұшақ, 9 жүзу құралы, 1 пилотсыз ұшу аппараты (Жамбыл облысы ТЖД 53 қызметкер мен 9 бірлік техника, аудандық полиция бөлімінен 11 адам мен 4 бірлік техника, жергілікті атқарушы органдардан 20 адам мен 2 бірлік техника, балық инспекциясынан 4 адам мен 1 бірлік техника және 10 волонтер) жұмылдырылды.
Жұмағали Жеңісбекұлы Абдрахманов азаматтық қорғау органдарында 2001 жылдың наурыз айынан бастап қызмет атқарады. Үйленген, екі баласы бар.
Министрлік мәліметінше, 1995 жылдан бастап қызметтік міндетін атқару кезінде 54 құтқарушы мен өрт сөндіруші қайтыс болды.