Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева Қазақстанның қай облысы мен ауданында құс тұмауы тіркелмегенін айтты.
Оның айтуынша, еліміздің алты облысында құс тұмауына байланысты карантин жарияланды.
Бүгінгі күнгі жағдайды алатын болсақ, карантин 25 ауданның 48 елді мекеніне енгізілді. Бұл дәл осы жерлерде құс тұмауы зертханалық сынамалар арқылы дәлелденгенін білдіреді. Бүгінгі күні мұндай сынама Түркістан, Ақтөбе облыстары мен Шымкент қаласында және Жамбыл, Ақмола, Павлодар облыстарының бір-бір аудандарында тіркелмеді. Сондай-ақ, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарының төрт елді мекенінде анықталмады, - деді ол Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.
Оның айтуынша, бүгінгі күні құстар мекен ететін 110 мың шаршы шақырым алаң залалсыздандырылды. Бұл жұмысқа 700-ден астам маман тартылды.
Бұған дейін Ауыл шаруашылығы министрлігі еліміздің төрт облысында құс тұмауының қарқыны бәсеңдегенін айтқан болатын.