«Күшіміз бірлікте» қорына қанша қаражат түсті?

10 Наурыз 2022, 12:49
1258
Бөлісу:
«Күшіміз бірлікте» қорына қанша қаражат түсті?

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Айтуар Қошмамбетов ӨКҚ алаңында өткен брифингте «Күшіміз бірлікте» қоры қалай жұмыс істеп жатқаны туралы айтты.

Қаңтар оқиғасынан кейін «Күшіміз бірлікте» қоры құрылған болатын. Оған еліміздің әр өңіріндегі кәсіпкерлерден 509 млн теңгеге жуық қаражат аударылды. Қор жанынан бақылау комиссиясы құрылған және осы уақытқа дейін 300 млн-ға жуық қаражат зардап шеккен кәсіпкерлерге таратылып берілді. Келіп түскен қаражат шетінен беріліп отырады, - деді ол.

Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Еркебұлан Оразалинің айтуынша, Қаңтар оқиғасы кезінде сауда және қызмет көрсету саласына қатты зиян келтірілген.

Азық-түлік, киім-кешек, аяқ киім, зергерлік бұйымдар, тұрмыстық техника сататын дүкендер тоналды. Оған қоса қызмет көрсету саласы да зардап шекті, оның ішінде тұрмыстық техниканы жөндеу орталықтары да түгелдей зиян шекті. Бізге келіп түскен мыңнан астам өтінімнің 85 пайызын осы сауда саласы құрайды. Қазір зергерлік бұйымдар, ақша айырбастау және басқа да қызмет көрсету саласы бойынша түскен өтінімдер қаралуда. Көп зиян шеккен кәсіпкерлер өтемақы алып үлгерді, - деді Оразалин.

Зардап шеккен кәсіпкерлерге өтемақы төлеу механизміне осы уақытқа дейін екі рет өзгерістер мен толықтырулар енгізілген. 
 

Өзгелердің жаңалығы