Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік әскери институтының курсанттары ҰОС ардагерлері Владимир Андреев, Мұрат Сәрсембин, Егор Долидуда мен Елизавета Филатованы Жеңіс күнімен құттықтап, құрмет көрсетіп, тұрмыс-тіршілігіне қолғабыс етті.
Құттықтаулар мен сыйлықтарды қабыл алған ардагерлер сұрапыл соғыс кезінде бастан кешкендерінен сыр шертті. Болашақ офицерлер майдан даласындағы қысталаң күндерге «саяхаттап», көңілде жүрген сансыз сауалдарына жауап алды.
ҰОС ардагерлерінің бірі Владимир Андреев әскер қатарына 1942 жылы 17 жасында қабылданған. Ол Белорусь майданында артиллериялық әскер түрінің құрамында болып, көптеген жауынгерлік қақтығыстарға қатысқан. Ерекше ерлігі мен батылдығы үшін әртүрлі орден-медальдармен марапатталған.
Тарихи мәліметтерге жүгінсек, Ұлы Отан соғысы кезінде 200 мыңнан астам дәрігерлер мен 500 мыңнан астам фельдшер, мейірбикелер, санитарлар майдан даласында опат болған.
«Әскери дәрігерлердің өлімі атқыштардан кейін екінші орында болған, - дейді қанқилы соғыс кезінде мейірбике болған кіші сержант Елизавета Филатова. – Біздің міндет – соғыс алаңында қалған жаралыларды шығару, оларды медициналық пункттерге жеткізіп, дәрігерлік кқмек көрсету, содан кейін госпитальге немесе тылдағы арнайы мекемелерге жеткізу болды», - деп сол күнді есіне алды соғыс ардагері.
«Біз үшін ардагерлер ерлік пен батылдықтың үлгісі. Уақыт зымырап өтіп барады, олар үшін қолдан келер жақсылығымыз – олардың ерлікке толы ғұмырын ұрпақтан ұрпаққа жеткізу болмақ», - дейді әскери институттың курсанттары.
Жеңіс күні Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік әскери институтының жеке құрамы мен курсанттары дәстүрлі түрде ҰОС ардагерлерін құттықтайды. Биыл Алматы қаласында тұратын 10 ардагерді құттықтап, көмек көрсетті.