Күрішбаев: Халық референдумы – оң өзгерістердің бастауы

23 Мамыр 2022, 19:24
1511
Бөлісу:
Күрішбаев: Халық референдумы – оң өзгерістердің бастауы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Парламент Сенатының депутаты Ақылбек Күрішбаев Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің профессорлық-оқытушылық құрамымен және студенттерімен кездесті.

Өз сөзінде сенатор Конституцияға ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған түзетулер «Жаңа Қазақстанды» құруға бағытталғанын атап өтті. Сондай-ақ ол бұл өзгерістер жалпыхалықтық референдумда енгізілетінін және олар мемлекеттік басқару жүйесін өзгертетінін, сондай-ақ саяси ахуалға жаңа серпін беретінін баса айтты.

Бұл, ең алдымен, бұрынғы саяси жүйені өзгерту. Мұндай түбегейлі реформаларды жүзеге асыру үшін тек жоғарыдан өзгеріп қана қоймай, суперпрезиденттіктен бас тартып, Парламентті нығайту, билікті демократияландыру қажет. Ең бастысы, Мемлекет басшысы атап өткендей, азаматтық қоғамды дамыту, оларды мемлекеттік басқаруға белсенді қатысуға ынталандыру. Өйткені халықтың саналы қолдауынсыз қоғамымызда демократиялық қайта құру мүмкін емес, - деп атап көрсетті сенатор.

Сондай-ақ ол қатысушылардың назарын Конституцияға енгізілген өзгерістер аясында жер мәселесі түбегейлі өзгертілетініне, оның ішінде жер бүкіл халықтың меншігіне айналатынына аударды.

Бұл өзгерістер Жаңа Қазақстанды құрудың негізі болады. Бұл құқықтық, саяси теңдік, тіпті ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан да дұрыс және әділ шешім деп есептеймін. Сондықтан жұртшылықтың, оның ішінде жастардың референдум науқанына түсіністікпен атсалысуы өте маңызды. Мен сіздердің араларыңызда ақылды, талантты студенттер көп екенін білемін және еліміздің болашағына толық сенімдімін, - деді Ақылбек Күрішбаев.

Жиынға қатысушылар Конституцияға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар, сондай-ақ ғылым мен білімді дамыту, жерді пайдалану, агроөнеркәсіптік кешен мәселелеріне қатысты сауалдарына жан-жақты жауаптар алды.

Сөзін қорытындылай келе, сенатор Ақылбек Күрішбаев жиналғандарды референдумға белсенді қатысуға шақырып, Конституцияның ерекшеліктерін түсіндіру бойынша студенттер арасында еріктілер қозғалысын құруды ұсынды.

Өзгелердің жаңалығы