Сенаттың жалпы отырысында Сенат депутаты Бейбігүл Жексенбай Премьер-министрге депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутаттың айтуынша, соңғы жылдары Қазақстанда жеткізу және жолаушылар тасымалы саласында цифрлық платформалар арқылы жұмыспен қамту қарқынды дамып келеді.
Жүздеген мың азамат үшін курьерлік қызмет пен такси қызметі негізгі табыс көзіне айналды.
Сараптамалық бағалау бойынша 394 мыңға жуық азамат онлайн платформалар: Яндекс, Индрайвер, Волт, Глово және тағы басқа сервистер арқылы белсенді еңбек етеді. Жұмыспен қамтудың негізгі үлесі тағам жеткізу қызметіне және такси саласына тиесілі. Бұл платформалық жұмыспен қамтудың еңбек нарығында едәуір екенін көрсетеді, – дейді депутат.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, елімізде 9 млн 320 мың адам жұмыспен қамтылған. Олардың шамамен 24%-ы, яғни 2 млн 220 мыңы өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен бейресми жұмыспен қамтылғандар.
Бейбігүл Жексенбай бірқатар мәселені атап өтті.
Платформалар салық агенті ретінде төлемдерді уақытылы ұстағанымен, техникалық қателік салдарынан азаматтарға негізсіз берешектер мен өсімпұлдар есептеліп жатыр. Кейбір деректерге сәйкес, 20 мыңнан аса орындаушы мемлекеттік ақпараттық жүйелердің салық және әлеуметтік төлемдер бойынша дұрыс жұмыс істемеуі салдарынан зардап шеккенін жеткізуде, – деді сенатор.
Оның айтуынша, бұл мемлекетке деген сенімді азайтып, азаматтардың көлеңкелі табыс табуына итермелеуі мүмкін.
Орындаушылар тәуелсіз серіктес ретінде тіркелгенімен, іс жүзінде алгоритм арқылы қатаң бақыланады: кесте, тариф, рейтинг бойынша. Бұл еңбек қатынастарының нақты белгісі болса да, азаматтар демалыс, аурухана парағы, еңбек қауіпсіздігі сияқты базалық кепілдіктерден тыс қалып отыр, – деді ол.
Сондай-ақ депутат нақты еңбек нормалары мен ең төменгі және ең жоғары сағаттық төлемдердің жоқтығынан орындаушылардың 12-16 сағатқа дейін жұмыс істейтінін айтты.
Әсіресе, қалааралық алыс жолдарға такси жүргізушілері шамадан тыс шаршағандықтан, ұйқыны басу үшін энергетикалық сусындарды жиі тұтынатыны белгілі. Бұл олардың денсаулығына ғана емес, жол қауіпсіздігіне де үлкен қатер төндіреді, – деп түйіндеді Бейбігүл Жексенбай.
Бұған дейін, Қазақстанда жүргізушісіз такси қашан іске қосылатыны айтылды.
Сондай-ақ, Қазақстанда ұшатын такси бірнеше айдан соң сынақтан өткізіле бастайды. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеген еді.