Қазақстанда ауыл шаруашылығын цифрландыру бағыты қарқын алып келеді. Бірақ технологияның нақты ауыл жағдайында сәтті қолданылған мысалдары әлі де аз. Осындай сирек үлгілердің бірі – Қостанай облысындағы заманауи ферма. Бұл шаруашылық Амангелді ауданында орналасқан. Мұнда электр желісі де, тұрақты байланыс та жоқ. Соған қарамастан, фермер Жәнібек Кенжебаев осы жерде толықтай автономды әрі тұрақты жұмыс істейтін ферма құрып үлгерген. BAQ.KZ тілшісі жас маманды әңгімеге тартта.
“Мақсатым – шектеулі жағдайда да жұмыс істейтін жүйе құру”
Жәнібек Кенжебаев мал шаруашылығына жеті жыл бұрын келген. Бұған дейін басқа салада еңбек еткен ол ауылға жаңа көзқараспен қарауды ұйғарған.
Мен бұл саланы зерттей келе, шешімін таппаған мәселелер көп екенін түсіндім. Сол қиындықтар мен үшін мотивация болды. Шектеулі ресурспен де тиімді жұмыс істеуге болатынын дәлелдегім келді, – дейді фермер.
Алғашында бірнеше жылқымен бастаған шаруашылық бүгінде 9 мыңға жуық малға жеткен. Олардың арасында жылқы, ірі және ұсақ қара мал бар.
Кенжебаев фермасында экстенсивті әдіс қолданады: мал жыл бойы жайылымда жайылады, табиғи азықпен қоректенеді. Бұл тәсіл жем дайындауға кететін шығынды азайтады, жұмыс күші қажеттілігін төмендетеді және шалғай аймақта шаруашылықты жүргізуді жеңілдетеді.
Біз табиғатпен күреспейміз, керісінше, оны тиімді пайдаланамыз. Осы арқылы шығынды азайтып, бизнесті тұрақты ете аламыз, – дейді ол.

Күннен қуат, бұлақтан су, ғарыштан интернет
Ферма толықтай автономды жүйеге негізделген. Мұнда барлық инфрақұрылым басынан бастап салынған.
Электр қуаты күн панельдері арқылы өндіріледі, су табиғи бұлақ көзінен алынады, ал жылыту жергілікті қазандық арқылы қамтамасыз етіледі.
Байланыс пен ферма басқару жүйесі Starlink спутниктік интернеті арқылы жұмыс істейді.
Алғаш қосқанда интернет дала жағдайында істей ме деген күмән болды. Бірақ қазір барлық басқару жүйеміз, байланыс және мониторинг осы арқылы жүргізіледі. Онсыз ферма жұмыс істей алмас еді, – дейді Кенжебаев.
Мұндай шешім ферманы сыртқы желілерге тәуелсіз етті. Бұл әсіресе ауылдық өңірлерде жиі кездесетін инфрақұрылымдық қиындықтарды айналып өтудің тиімді жолы.

Фермерлерге арналған оқу жобасы
Өз шаруашылығын дамыта жүріп, Жәнібек Кенжебаев фермерлер мен инвесторларға арналған білім беру жобасын да іске қосқан. Оның мақсаты – ауыл шаруашылығын дәл есеп, автоматтандыру және заманауи менеджмент негізінде жүргізуге болатынын көрсету.
Соңғы жылдары бұл бағдарламаға 200-ге жуық адам қатысқан. Олардың арасында IT, құрылыс, қаржы саласының мамандары да бар.
Көпшілігінің ауыл шаруашылығында тәжірибесі жоқ, бірақ олар жаңа ойлау қабілетімен келеді. Біз оларға шаруашылықты жүйе ретінде басқаруды – шығын, тәуекел, ресурс пен логистиканы ескеруді үйретеміз, – дейді фермер.

Фермадағы “ақылды” жүйелер
Кенжебаевтың фермасында мал қозғалысын бақылау, жем тарату, есеп пен талдау жүргізу толығымен автоматтандырылған.
Барлық жүйе фермер мен оның командасының өз күшімен жасалған. Шетелдік мамандар тартылмаған.
Қазір мұнда 25 адам жұмыс істейді, көбі ауыл жастары. Оларға тұрғын үй, тамақ және әлеуметтік кепілдік берілген. Орташа жалақы – шамамен 500 мың теңге.
Жастар ауылда жұмыс істеуге дайын, егер жағдай жасалса. Олар тек физикалық еңбек емес, мәні бар, технологиямен ұштасқан жұмысты қалайды, – дейді Кенжебаев.
Ферма қазір аналық мал басын көбейту мен репродукцияға басымдық беріп отыр. Бұл бағыт, фермердің пікірінше, Қазақстанда аса тапшы және болашағы зор.
Көп ферма тек бордақылаумен айналысады. Ал репродукциясыз жаңару болмайды. Біз генетикалық сапаны жақсартып, племдік бағытты дамытып жатырмыз, – дейді ол.
Соңғы жылы сиыр еті бағасы 40%-дан астам өскендіктен, бұл сала тұрақты және табысты болып тұр.

“Фермерлік – тек еңбек емес, жүйелі ойлау”
Жәнібектің айтуынша, фермерлік — бұл тек мал бағу емес, ресурсты, адамды және технологияны біріктіре білу өнері.
Фермер жүйелі ойлауы керек. Күн сайын ондаған шешім қабылдайсың: суды қайдан алу, жайылымды қалай ұйымдастыру, жемді қалай бөлу, байланыс үзілмеуін қадағалау… Егер мұның бәріне саналы қарасаң, бұл тұрақты әрі беделді кәсіп, – дейді ол.
Жәнібек Кенжебаевтың тәжірибесі көрсеткендей, заманауи технологиялар ауыл өмірін түбегейлі өзгерте алады. Цифрландыру, автономды жүйелер және білім – ауыл шаруашылығын тек тіршілік көзі емес, инновациялық әрі табысты бизнеске айналдырып отыр.