Ішкі істер министрі Ержан Сәденов күндіз-түні ұйықтамай жұмыс істейтін такси жүргізушілеріне талап күшейетінін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Интернет-такси жүргізушілері пайда табу үшін ұйқысыз әрі демалыссыз көлік басқарады. Медициналық тексеруден өтпейді, көліктің техникалық жағдайы тексерілмейді. Осылайша, адамдардың өміріне қауіп төндіреді. Демалыс, мереке күндері пойызға билеттердің жоқтығынан, такси жоғары сұранысқа ие болады, – деді Сәденов Үкімет отырысында.
Министр «қауіпті» такси жүргізушілерін анықтау және жауапқа тарту қиын екенін айтады.
Интернет-агрегаторлардың рөлі тек тапсырыстарды бөлумен шектеледі. Сондықтан келесі жылдан бастап оларға тасымалдау талаптарын бақылау жүктеледі (2023 ж. 20 сәуір «Автомобиль көлігі туралы» Заңға түзетулер). Бұған, Цифрлық даму министрлігі, Еңбек министрлігі, Көлік министрлігі және әкімдіктер қатысуы қажет, – дейді ведомство басшысы.