Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Q Charity» қоғамдық қоры әр сәрсенбі сайын балаларды елорданың отбасылық демалыс орталығына саяхаттатып, қуаныш сыйламақ.
Бүгін алғашқы саяхатқа мүмкіндігі шектеулі және әлеуметтік әлсіз топқа жатқызылатын отбасынан шыққан 30 бала шақырылды.
Ailand отбасылық демалыс орталығының океанариум мен экзотариумын аралап, шолу дөңгелегіне мініп, елорданы биіктен тамашалаған олар өз әсерлерімен бөлісті.
Биыл үйден көп шықпадық. Күндерім көңілсіз өтіп жатты. Далада да бұрыңғыдай ұзақ уақыт серуендемейтін болдық. Ал кеше анам океанариумға баратынымызды және «Колесо обозрение» дөңгелегіне мінетінімізді айтқанда, қатты қуандым. Бұрын осында жиі келетінбіз. Бірақ осы жолы сағынғандықтан ба әр нәрсе мен үшін бірінші көргендей әсер берді, - дейді Дина Алимхан есімді 8 жастағы ару.
Балалардың көңілдері риясыз деген рас екен.
Экзотериумда қолтырауын мен кесіртке сынды жануарларды көрген олардың кейбірі «неткен қорқынышты едің» деген сынды бағаларын да беріп жатты.
Бұрын зообақта тірі маймылды көргенмін. Бірақ ол өз алдына жүретін. Ал мындағы маймыл көңілді екен. Қылықтары да қызық. Бала ғой деймін. Ойнап отыр, - деп Алдияр көңілін көтерген жануар жайлы айтуымен болды.
Оның айтып тұрғаны Лапундер макакасы. Оңтүстік шығыс Азияны мекен етуші олар қолға ең тез үйретілетін тұқым екен.
Ал Нұр-Сұлтанды биіктен алғаш рет тамашалаған Мәриям Асылбекова есімді бүлдіршін қорқыныш сезімі туралы айтып берді.
Алғашынды құлап кететін сияқты болдым. Бірақ әкем жанымда ғой, несіне қорқамын деп ойладым. Біраздан кейін қарасам, төмендегі көрініс керемет екен. Бәрі кіп-кішкентай. Тіпті биік үйлер де ойыншық сияқты, - дейді ол.
Қор директоры Мадина Жұмағалиеваның айтуынша, балалар саяхаты алғашқы рет ұйымдастырылып отырған жоқ.
Бұған дейін біз кинозалдарды жалға алып, балалардың үлкен экранда жаңа мульттуындыларды тамашалуына жағдай жасайтынбыз. Биыл кинозалдар жабық болғандықтан, отбасылық демалыс орталығымен келіссөздер жүргізуге тура келді. Енді әр сәрсенбі сайын «Солнечный мир», «Орда», «Совенок» мүмкіндігі шектеулі балаларға арнаған қоғамдық ұйымдардың өкілдерін және әлеуметтік әлсіз топтан шыққан отбасылардың балаларын саяхаттатып отыратын боламыз. Әрине санитарлық талаптар туралы да ұмытпаймыз. Сондықтан тек 30 баладан алып отырмыз. Олардың өзі үш топқа бөлініп, үш түрлі нысанды аралайды, - деді ол.