Күнбағыс майы бағасы 2026 жылдың соңына дейін өспейді

2025 жылдың қорытындысы бойынша күнбағыс майы өндірісі 2021 жылмен салыстырғанда шамамен 2,3 есе артқан.

 pixabay.com 13 Ақпан 2026, 17:02
13 Ақпан 2026, 17:02
2075
Фото: pixabay.com

Майлы дақылдарды қайта өңдеушілердің ұлттық қауымдастығы төрағасы Ядыкар Ибрагимов “Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны көтеру тәуекелдері” тақырыбындағы баспасөз конференциясында еліміздегі күнбағыс майы өндірісі мен өңдеу саласының дамуы туралы толық ақпарат берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

2025 жылдың қорытындысы бойынша күнбағыс майы өндірісі 2021 жылмен салыстырғанда шамамен 2,3 есе артқан. Бұл – шынайы рекордтық көрсеткіш, - деп бастады сөзін спикер.

Баға динамикасы және меморандум аясындағы тұрақтылық

Ядыкар Ибрагимов күнбағыс майы бағасының соңғы жылдардағы динамикасына тоқталды.

2019-2025 жылдар аралығындағы орташа деңгей бойынша күнбағыс майы бағасы шамамен 2 есе төмендеген және қазіргі уақытта өсім 18%-дан аспайды. 2015–2021 жылдары бұл көрсеткіш 39% деңгейінде болды, - деп атап өтті Ибрагимов.

Спикер бағаны тұрақтандыру бағытында тиісті меморандумдардың рөліне де назар аударды.

Соңғы 3 жыл ішінде Сауда және интеграция министрлігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігімен келісілген меморандум шеңберінде күнбағыс майының бағасы тұрақты ұсталып келеді. Биыл ақпан айында меморандум қайта бекітілген және ол 2026 жылдың соңына дейін күшінде болады, - деді ол.

Рафинация қуаттылығының артуы

Ибрагимов БАҚ-та тараған бірқатар ақпаратқа да пікір білдірді.

Бұқаралық ақпарат құралдарында біз тек тазартылмаған (шикі) май ғана өндіреміз деген ақпарат жиі жарияланады. Бұл шындыққа жанаспайды. Кейбіреулер мәселенің мәнін толық түсінбейді. 2021 жылы қауымдастықтың жұмысы басталғаннан бері рафинация (тазарту) қуаттылығы айтарлықтай артты. Егер 2021 жылы бұл көрсеткіш 286 мың тонна болса, қазір 481 мың тоннаға жетті. Бұл – 68% өсім, - деді Ибрагимов.

Сондай-ақ ол биыл жалпы қуаттылығы жылына 370 мың тонна болатын төрт ірі рафинация жобасын іске қосу жоспарланып отырғанын айтты.

2027 жылы қосымша екі қалада жаңа өндіріс орындары ашылады:

  • Шымкент қаласында – жылына 66 мың тонна;
  • Өскемен қаласында – жылына 300 мың тонна.

Осылайша, 2028 жылдың қорытындысы бойынша еліміздегі рафинация қуаттылығы жылына шамамен 1 миллион тоннаға жетеді деп күтілуде.

Рафинацияланған май экспортының өсімі

Майлы дақылдарды қайта өңдеушілердің ұлттық қауымдастығы төрағасы рафинацияланған май экспортының өсімі туралы да айтты.

Егер 2024 жылы бұл көрсеткіш 17% болса, 2025 жылы таза май экспортының үлесі 27%-ға дейін өсті, - деді ол.

Сонымен қатар, Ибрагимов Қазақстан бұрын күнбағыс майын импорттаушы ел болғанын, ал қазір әлемдік экспорттаушы елдердің қатарында екенін мәлімдеді.

2023-2024 жылдары Қазақстан дүние жүзіндегі күнбағыс майын экспорттаушы 10 елдің қатарына еніп, 8-орынға шықты. Ал 2025 жылы бұл көрсеткіш одан әрі артып, 6-немесе тіпті 5-орынға дейін көтерілуі мүмкін, - деді ол.

Күнбағыс шротының экспорты

Спикер күнбағыс майынан бөлек, күнбағыс шроты мен жмыхының да экспорттық әлеуеті бар екенін жеткізді.

Бұл өнімдер Еуропалық Одақ елдеріне экспортталуда әрі Қазақстан күнбағыс шроты бойынша Еуропалық Одаққа экспорттаушы елдердің үздік үштігіне кірген. Бұл деректерді Еуропалық комиссия өзі жариялап отыр, - деді Ядыкар Ибрагимов.

Алдағы мақсаттар және экспорттық жоспар

Қауымдастық төрағасының айтуынша, ендігі мақсат – өңдеу үлесін 70%-ға дейін арттыру және шикізаттық емес экспортты ұлғайту.

2025 жылы Қазақстанда өсімдік майы мен шрот экспорты 1,3 миллион тоннаны асып, валюталық түсім 837 миллион АҚШ долларын құрады. Спикер ең алғаш рет агроөнеркәсіп кешенінде халықаралық ұйымдармен бірлесе майлы өнімдер экспортының 2026–2028 жылдарға арналған жол картасын әзірлегенін де атап өтті. Оның негізгі мақсаты – экспорттық түсімді 1 миллиард АҚШ долларынан арттыру.

Наверх