Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Күн бетінен кір іздемей, нұр іздеген жан – сұхбат

12 Қыркүйек 2025, 07:15
627
Бөлісу:
 кейіпкердің жеке мұрағатынан
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Біз бүгін қазақ журналистикасы тарихында өзіндік қолтаңбасы бар, бірнеше шәкірт тәрбиелеп, аудандық басылым беделін биіктетуге зор үлес қосып, құрметті еңбек демалысына шыққан журналист, жазушы, Жамбыл ауданының Құрметті азаматы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Сансызбай Бертайұлы Махамбетқұловпен әңгіме өрбіттік. BAQ.KZ тілшісінің жалпы ауыл-аймақтардағы газет-журналдардың шығуы, таралуы, оқырман жинауы төңірегінде қойған бірнеше сауалына аудандық газеттің бұрынғы басшысы бүкпесіз жауап берді.

– Сансызбай аға, бұл сұхбат маған әрі қызық, әрі қиын жауапкершілік жүктеп тұр. Қызығы сол – өзімді сіздің төл шәкіртіңізбін деп санаймын. Қиындығы – сұхбаттың сіздер салған сара жолын жалғастыра аламын ба деген қорқыныш... Әуелгі сұрағымды заман тудырған сауалдан бастасам. Қазір "газеттің дәуірі өтті", "кім оқиды оны" деген пікір бар. Расында, "Газеттің халықтың көзі, құлағы һәм тілі" деген миссиясы жойылып бара ма?

– Бірден айтайын, алдымен ауызға "жауапкершілік" деген сөзді алғаныңа разымын. Онсыз сана дамымайды, ақыл өспейді, парасат жайына қалады. Үлкенмен сұхбат құрып, салмақты да сипатты сөз сабақтау деген өзің айтқан жауапкершілікпен бір қауызда жататынын ерте бастан ұғынғаныңды бұрыннан жақсы білетінмін. Бүгін бір осы сәтті пайдаланып, өзіңдей озық ойлы жігерлі жасты мақтан ететінімді мен де айтып қалайын.

Сұрағыңа келсек, газеттің дәуірі өткен жоқ, өтпейді де. Ал, оқырманның азайғаны шыққан күндей шындық, мен оны тіпті қасірет дер едім. Ұлы ойшыл, хакім Абайдың "Толық адам" іліміне жүгінбегеніміз өте өкінішті. Газет, қазіргі тілмен айтқанда, билік пен халық арасындағы алтын көпір болып қала береді. Күн бетінен кір іздемей, нұр іздегеніміз абзал болар.

– Аға буын журналистер, әсіресе жылдар бойы газет-журналдарда еңбек еткен буын қазіргі бұқаралық ақпарат құралдарына, жас журналистердің сөз саптауына қатысты біраз сын айтады. Бағамдасақ, бәрінің мақсаты бір. Байырғы журналистика мен бүгінгі журналистикада қандай айырмашылық бар?

– Бір анығы, жас журналистердің сөз саптауы, ой тереңдігі мен алуандығы жетпісінші, сексенінші, тоқсаныншы жылдардағы қаламгерлер қауымынан артық болмаса, кем емес. Бұдан, әрине, бұрынғылар қазіргі қалам ұстағандардан осал болды деген тұжырым тумайды. Әр заманның өз шарты бар, әр адам – өз дәуірінің перзенті. Имендік, жалтақтадық, кепкі кигендердің тепкісінен қорықтық деп қара аспанды төндірмей-ақ қояйын. Бірақ, кәдімгідей шектеу, тар шеңбер болды. Қазақ тілінің тынысы әбден тарылған кезең еді бұл. Екі кезең журналистикасында дауыстап айқайлайтындай айырмашылық көріп отырған жоқпын.

– Сіздіңше, қазіргі журналист кім, қандай болуы керек? Қоғам блогерді де журналист санайды немесе блогер де өзін журналиспін дейді. Осы мәселеге қалам иесі ретінде бір пікір білдірсеңіз?

– Пайымыма сүйенсем, екеуі де журналист. Олардың көрікті ойды көркем сөзбен жеткізу, тақырыптың мәнін ашу, ақпаратты аса дәлдікпен беру, әдептілік пен әділдікті, тіл мәдениетін сақтау сынды қарапайым қағидаларды сақтағанын қалаймын. Сыбыр мен жыбырды тыңдамай, бұрыш сығалап сынамай, көсемсімей, көлгірсімей, көкезуленбей, дәмді сөйлеп, сауатты жазсақ, бізді абыройдың өзі іздеп келмек.

Қоғамда "Баспасөз – қоғам дамуының бір тетігі" деп анықтамадай айтылатын сөз бар еді. Тақырыптың тамырын тап басып, ақиқаттың ауылына ат шалдырып, оқырманға қазіргі дәуірдің дауысын есіттірсек, онда бұл – қоғамдағы басты міндетіміздің орындалғаны.

– Журналистикада белгілі бір тақырыпқа қалам тербейтін кәсіпқой журналистер бар. Бұл әсіресе спорт тақырыбында жүйелі дамып келеді. Енді соңғы уақытта салалық журналистиканы дамыту, белгілі бір аудиторияны қамтитын жанрды «тірілту» деген тенденция қалыптасып келеді. Мәселен, БАҚ-тарда экономика, қаржы саласына арналған оқырман қалыптастыру талабы бар. Сіздіңше, салалық журналистика қаншалықты керек немесе журналист универсал болуы тиіс пе?

– Әлбетте, кез келген журналистің бір салаға машық, бейім болып келетіні бесенеден белгілі. Бірақ бұл әрбір журналист жанына жақын тақырыпты жазуы керек деген сөз емес. Жеке пікірім сол, салалық журналистика деген ұғымды қабылдай алмаймын. Бұл тұрғыда мәселе басқада болуы керек. Журналиссің бе, кәсібіңді терең біл, бәрінен бұрын білімді де танымды бол, талап пен тәртіпті сақта, ұят пен намысты ұмытпа. Ақылгөйсіп кетті демегін, осылай еткенде ғана бұрындары айтып жүрген "Төртінші биліктің" тұғырынан көрінеміз. Теориямыз терең де дәлелді, жазғанымыз жатық, ойымыз орнықты да орамды болып жатса, ешкім бізден кемдік көрмес.

– Аға, жылдар бойы Жамбыл облысындағы Жамбыл аудандық "Шұғыла" – "Радуга" газетін басқардыңыз. Аядай аудан – алақандай газет – ауқымды проблема: осы үштікті тарқатып беріңізші. Аудандық, аймақтық газеттің көтерген жүгі жеңіл ме, әлде?

– Газеттің жұмысы жеңіл десем, жүздеген журналист ағайынды ренжітіп аларым анық. Аудандық газеттің көлемі шағын болғанымен, арқалаған жүгі ауыр екенін оқырмандар да жақсы біледі. Тұтас бір өңірдің тыныс-тіршілігінен күн құрғатпай ақпарат жазып отыру қайдан оңай болсын. Қалың көпшілікті алдауға болмайды. Журналистің әрбір жазған сөзі таспаға таңбаланып, қайта түзетуге келмейді. Содан ғой журналистика – салмақты сала, қадірлі де күрделі кәсіп.

Күн бетінен кір іздемей, нұр іздеген жан – сұхбат

 

– Бір сауал бір сауалға жүк боп жатыр, аға. Заманның талабы ма, қаржылық шешім дейміз бе, бүгінде аудандық газеттердің бірқатары жекеменшікке өтті. Мұндағы мақсат қандай? Бұл үрдістің соңы қайда апарады? Жекеменшік газет жеке мүддеге жұмыс істей ме немесе қағаз жүзінде ме?

– Бұл сауалды маған емес, шешім қабылдаған жаққа қарата қойсаң жөн болар еді. Ашығын айт десең, сенің алдыңда жалғандыққа бармайын, қолдай алмаймын. Басқаларын білмедім, аудандық газеттердің жекеменшікке өтуінен әзірге ешқандай тиімділік көріп отырған жоқпын. Мемлекеттік тапсырыс деп қаржы қаралып жатыр. Газеттердің жай-күйінде соны серпін немесе өзгеріс байқалмайды.

– Сансызбай аға, алда тұтас Жамбыл ауданынң айнасы – "Шұғыла" газетінің жарық көргеніне алпыс жыл болады. Қанша дегенмен, жылдар бойы осы ауданның отымен кіріп, күлімен шыққан төл перзентісіз. Осыған орай, жақсының ізі мен сөзі қалған қара шаңырақ басылымның беделін арттыруға сіздің тарапыңыздан қандай да бір жоғарыға ұсыныс, талап-тілектер бола ма?

– Мына сұрағың жанымды толқытты. "Шұғылада" 17 жастан бастап алпыстан асқанша еңбек еткен жылдарым көз алдымнан көш-керуендей тізбектеліп өтіп жатыр. Алдыңғы буын ағалардан алғанымды кейінгілерге алтын тостағанға құйғандай етіп бере алдым ба, әлгінде өзің айтқандай төл перзенті бола алдым ба, оның төрелігі – сендерде. Небір жақсылар мен жайсаңдардың алақан табы, табан ізі тұрған шуақты шаңырақ ғұмырымның аяғына дейін сол аяулы қалпында қала береді.

"Шұғыланың" арғы тарихын айтпағанда, бергі тарихының өзі алпысыншы белеске жетіпті. Сол газетке байланған тағдырыма ризамын және алдағы айтулы күнді сән-салтанатымен, мәртебе-мерейімен, мән-мағынасымен атап өтуге аудан басшылары мен ақ жағалы азаматтары атсалысады деген сенімдемін.

Күн бетінен кір іздемей, нұр іздеген жан – сұхбат

– Аға, соңғы сауал: қазақ журналистикасының бүгінгі беталысын қалай бағамдайсыз, болашағынан не күтесіз?

– Халқымызда "Су үзілсе де сүйек үзілмейді" деген даналық бар. Қазақтың сөз байлығы мен тіл тазалығы сақталған жерде, журналистер қауымы мемлекет саясатын кеңінен насихаттап, халықты бірлікке шақырып, игілікке жұмылдырып, келеңсіздікті көлеңкеден күнгейге шығарушы, жақсылықтың хабаршысы атанған қоғамда әріптестеріміз әлі талай асу алар. Жұртшылық күтіп отырған дүниелерді жеріне жеткізе жазып жүрген журналистерге алғысым шексіз. Қазіргі журналистиканың бағыты айқын, болашағы жарқын деп ойлаймын.

– Жазарыңыз көп болсын! Әсерлі әңгімеңізге рахмет!

Өзгелердің жаңалығы