15 тамызда үш жасөспірім таңертең тауға шығып, сағат 18.30-да ата-аналарына төмен түсіп бара жатқанын хабарлаған, содан кейін телефон байланысы өшіп қалған, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Сағат 00.15-те ТЖМ құтқарушыларына жас жігіттердің бірінің әкесі қоңырау шалған.
Туристер тобын іздеуге ТЖМ Республикалық жедел-құтқару жасағының жедел тобы шықты. Сағат 4:35-те жасөспірімдер тобының бірі әкесіне адасқандары туралы хабарлама жазып, геолокацияны жіберді. Іздеуге туыстары қосылды. Сағат 08:25-те ТЖМ құтқарушылары Күмбел шыңынан балаларды аман-есен тауып алды. Ешкім медициналық көмекке мұқтаж болған жоқ. Жасөспірімдердің бірінің әкесі құтқарушыларға жұмысы үшін алғысын білдірді, - делінген ТЖМ таратқан хабарламада.