Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Күмәнді және тиімсіз жәрдемақыларды алып тастау керек – Бектенов

Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА
9 Қыркүйек 2025, 11:48
794
Бөлісу:
 - архив/ Арман Мухатов
VIDEO
Фото: - архив/ Арман Мухатов

Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов әлеуметтік саясатқа қатысты бірқатар нақты тапсырма берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, 1 желтоқсанға дейін әлеуметтік қолдау шараларының барлық өңірлерге арналған бірыңғай стандартын әзірлеуі қажет.

Барлық күмәнді және тиімсіз әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақыларды алып тастау керек. Біз әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етіп, масылдық пиғылды азайтуымыз, – деді Премьер-министр.

Олжас Бектенов Үкіметтің басты міндеті – азаматтарға тең мүмкіндік беру екенін атап өтті. Ал әрбір қазақстандық жұмыс істеуге, өз отбасын өзі қамтамасыз етуге ұмтылуы керек.

Мемлекет басшысы бұл мәселеге ерекше көңіл бөліп отырғанын айтқан Үкімет басшысы экономикадағы мемлекеттік қызметтерді цифрлық бақылау мен мониторингтің жаңа әдістерін енгізуді тапсырды. Бұл мақсатта цифрландыру мен жасанды интеллект технологиялары кеңінен қолданылады.

Сондай-ақ Бектенов 1 қарашаға дейін Еңбек министрлігі жанынан Әлеуметтік саланың бірыңғай цифрлық платформасын енгізуді жеделдетуді тапсырды.

Оған қоса, Үкімет басшысы мемлекеттік органдарға Әлеуметтік кодекске әлеуметтік аудит тетіктерін енгізуге бағытталған заң жобасын шұғыл келісуді тапсырды.

Еске салсақ, Үкімет отырысында Премьер-министр Мемлекет басшысының Жолдауындағы тапсырмаларды орындау бойынша нақты шаралар қабылданатынын мәлімдеді. Сөзінше, Үкімет 10 күн ішінде инвестициялық саясатты жаңарту шараларын әзірлейді.

Өзгелердің жаңалығы