Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев Мемлекет басшысының отандық инвесторлармен кездесу барысында айтты.
Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры барлық қабылданған міндеттемелерін орындауға дайын. Осы мақсаттар үшін арнайы резерв құрылды, ол бүгінгі күні шамамен 850 млрд теңге болды. Ұлттық Банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) қаржылық тұрақтылыққа бірлесіп көмек көрсету аясында екінші деңгейдегі банктердің операциялық қызметінің үздіксіздігін, олардың активтерінің сақталуын және капиталдың жеткіліктілігін бақылауды қамтамасыз етуге дайын. Қажет болған жағдайда Ұлттық Банк нарықтық жағдайларда банк секторының өтімділігін қолдайды, - деді ол.
Досаев атағандай, күмәнді трансшекаралық операцияларға қолданылатын қаржы мониторингі шаралары күшейтілді.
Осы жылғы 10 қаңтарда Ұлттық Банктің, Қаржы мониторингі агенттігі (ҚМА) мен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (ҚНРДА) бірлескен бұйрығы қабылданды, онда күшейтілген қаржы мониторингіне жататын трансшекаралық операциялардың тізбесі бекітіліп, операцияларды жүргізуге берілген өтінімдер бойынша іс-қимыл алгоритмі белгіленді. Екінші деңгейдегі банктер үшін бірлескен бұйрықтың нормаларын түсіндіру Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының қатысуымен жедел түрде жүргізілді, - деді ол.
Досаевтың атуынша, үздік әлемдік практиканы ескере отырып, екінші деңгейдегі банктер KYC қағидаттары шеңберінде тәуекелі жоғары операцияларды жан-жақты зерделеу жұмысын күшейтті.
Парламенттік сессияның соңына дейін қаржы мониторингі шараларын одан әрі күшейтуге және Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) стандарттары бойынша қаржы жүйесіне KYC қағидаттарын толық енгізуге бағытталған заңнамалық түзетулер блогын әзірлеу және қабылдау қажет деп есептейміз, - деді ол.