Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ішкі істер министрлігі деректері бойынша соңғы үш жылда Қазақстанда киберқылмыстар екі есе өскен. Егер 2018 жылы мұндай 4,2 мың қылмыс тіркелсе, биыл 9 айда олардың саны 8,3 мың болған.
Өкінішке қарай, интернет-алаяқтықтың шамамен 20%-ы ашылады.
Осыған орай Қаржы нарығын реттеу агенттігі азаматтарды ерекше мұқият болуға, өздерінің дербес деректерін ешкімге хабарламауға және кибергигиенаны мұқият сақтауға шақырады.
Бүкіл әлемде электрондық коммерцияның жылдан-жылға өсу үрдісі байқалады. Адамдар электрондық әмияндарды көп пайдаланған, банктердің мобильдік қосымшаларының көмегімен шоттарды төлеген, түрлі қаржы операцияларын жасау үшін интернет-банкингті пайдаланған сайын, киберкеңестікте басқаның ақшасына көз салғандар да көбейе түсуде, - дейді агенттік мамандары.
Өзіңізді интернет-алаяқтардың арбауынан барынша алшақ ұстау үшін сақтауға тиіс негізгі қауіпсіздік шаралары:
1. Күмәнді сілтемелерді қарамаңыз, сайттың түпнұсқалығына назар аударыңыз.
Фишингтік сайттарға (жеке деректерді, банк картасының, электрондық төлем жүйелеріндегі аккаунттардардың, әлеуметтік желілердің деректерін алып қоятын және т.с.с. сайттар) сілтемелер көбінесе поштаға, мессенджерлер немесе әлеуметтік желілер арқылы келеді. Егер сілтемені қарау және сауалнаманы толтыру жөніндегі ұсыныс күмән туғызатын болса, онда оны жою керек, егер сілтемені қарап шыққан болсаңыз, онда таныс емес веб-ресурсқа қандай да болсын жеке деректеріңізді енгізуден бас тартыңыз.
2. Дұрыс софт және қауіпсіз желі.
Антивирустық бағдарламалар Cіздің компьютеріңізді бағдарламалық бұзып кіруден қорғап қана қоймайды, сонымен қатар веб-серфингті қауіпсіз етуге көмектеседі. Атауында Internet Security деген сөздер бар антивирустар осы міндеттер үшін өте қолайлы. Трояндық вирустардың бар-жоғын алдын ала тексеріп тұруды естен шығармау керек, бұл да ықтимал қауіп болуы мүмкін.
3. Құпия сөздерді ешкімге, тіпті достарыңызға және жақындарыңызға да айтпаңыз.
CVV/CVC коды (карточканың артқы жағындағы үш таңбалы код) – бұл ақша жіберуге, төлемдер және т.б. жасауға болатын құпия код. Көптеген банктер тек CVV/CVC кодын сұраумен шектелмейді, көбінесе бір реттік SMS парольдар арқылы немесе 3D Secure жүйесінің көмегімен операцияны екі факторлы растауды сұрайды. Егер Сіз осы кодты алаяқтарға хабарласаңыз, олар Сіздің картаңызға қол жеткізіп қана қоймай, одан барлық ақшаны тез аударып алады.
Интернеткеңістік орасан зор және онда алаяқтардың алдауына түсіп кетуге болатын жерлер өте көп. Көшірме сайттардың, фишинг сайттардың, электрондық поштадағы спамдардың, мессенджерлердегі сілтемелердің, сілтеме бойынша өтуге шақырған әлеуметтік желілердегі посттардың, тауарларға күмәнді төмен баға қойылған хабарландырулар тақтасының және басқаларының мақсаты бір – азаматтардың сеніміне кіріп, олардың ақшасына ие болу. Сондықтан мұқият болыңыз, - деп ескертеді агенттік мамандары.