Құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобы Жолдауды іске асыруға кірісті

6 Қыркүйек 2021, 18:03
2433
Бөлісу:
Құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобы Жолдауды іске асыруға кірісті
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының отырысы барысында Мемлекет басшысының «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмаларын іске асыру механизмі талқыланды.

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Жиынға Бас прокуратураның, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің, Қаржы мониторингі агенттігінің, Ішкі істер министрлігінің басшылары, қоғам өкілдері мен жетекші құқықтанушылар, атап айтқанда, Қайырбек Сүлейменов, Игорь Рогов, Ерғали Мерзадинов, Марат Қоғамов, Исидор Борчашвили, Талғат Нәрікбаев және т.б. қатысты.

ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы – Жұмыс тобының жетекшісі Әсет Исекешев отырысты аша отырып, құқық қорғау қызметін дәйекті жаңғырту жөніндегі стратегиялық бағытты жалғастыру қажеттігін атап өтті.

Басты міндеттердің бірі – адам құқығын қорғау. Бұл ретте, қылмыстық процестің үш буынды моделін енгізу нәтижесінде болған оң өзгерістер атап өтілді. Сондай-ақ құқық қорғау жүйесін орта мерзімді кезеңде реформалаудың бағыттары белгіленді. Сонымен қатар жуық арада шешуді қажет ететін нақты міндеттер жүктелді, – деді Әсет Исекешев.

Атап айтқанда, құқық қорғау органдары есірткінің заңсыз айналымына және алаяқтыққа қарсы күреске, кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық сипаттағы қылмыстардың алдын алуға ерекше назар аударуы қажет.

Отырыс барысында мейлінше сәтті өткен халықаралық тәжірибелерден мысалдар келтірілді. Олар отандық жағдайларда қолданылуы мүмкін.

Қылмыстық заңнаманы өлім жазасын жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактідегі Екінші Факультативтік хаттаманың ережелерімен үйлестіру мәселелері жеке қаралды.

Бұдан бөлек Жұмыс тобы қылмыстық процестің отандық моделін үздік халықаралық стандарттарға сәйкестендіру үшін одан әрі атқарылатын жұмыстарды пысықтауда.

Атап айтқанда, айыптау актілерін дайындау сапасын арттыруға бағытталған заңнамалық түзетулер әзірленді. Сондай-ақ полиция жұмысының сервистік моделін енгізу туралы тапсырманы іске асыру жұмыстары жалғасуда.

Отырысқа қатысушылар құқық қорғау жүйесін реформалау тетіктерін жетілдіру жөнінде нақты ұсыныстар айтты. Құқық қорғау органдарының өкілдері Жолдауда белгіленген бағыттар бойынша қабылданатын шаралар туралы баяндады.

Талқылау қорытындысы бойынша Жұмыс тобының жетекшісі салалық ведомстволарға Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру тәртібін айқындайтын нақты тапсырмалар берді.

Жиын соңында Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы жұртшылық өкілдерін атқарылып жатқан жұмыстарға белсенді атсалысуға шақырды.

Құқық қорғау органдарының Жолдауда қамтылған тапсырмаларды әзірленген тәсілдерге сәйкес орындауын Қауіпсіздік Кеңесінің Аппараты бақылайтын болады.


Өзгелердің жаңалығы