Әлеуметтік желілерде Қазақстан туына ұқсас, бірақ Сауд Арабиясының элементтері қосылған жалауды ұстап тұрған адамдардың суреті тарады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Алдын ала мәлімет бойынша, сурет Атыраудағы Хиуаз Доспанова атындағы Мұз сарайында түсірілген болуы мүмкін. Облыстық полиция департаменті бұл фактіге қатысты тексеру жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
Әлеуметтік желіде таралған жазба бойынша мемлекеттік рәміздерді қорлау бабымен қылмыстық іс тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Таралған жазбадағы 4 күдікті де анықталып, полиция бөлімшесіне жеткізілді. Олардың екеуі жасөспірім болғандықтан, ата-анасының қатысуымен жауап алынып жатыр. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес жариялануға жатпайды, - делінген департамент хабарламасында.
Тергеу нәтижелері бойынша қосымша ақпарат беріледі.
Қазақстан заңнамасына сәйкес, мемлекеттік рәміздерді қорлау қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады. Қылмыстық кодекстің 372-бабына сәйкес, мұндай әрекет үшін 3000 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл, сол көлемде түзету жұмыстары, 900 сағатқа дейін қоғамдық жұмыс, екі жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.