Куба билігі елдің денсаулық сақтау жүйесі күйреу алдында тұрғанын мәлімдеді. Бұған АҚШ тарапынан мұнай жеткізіліміне қойылған шектеулер себеп болған, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Аралдағы медицина саласы бұған дейін де экономикалық қиындықтар салдарынан дағдарыс жағдайында еді: дәрі-дәрмек, құрал-жабдық және маман тапшылығы қалыпты құбылысқа айналған. Қазіргі таңда жедел жәрдем көліктері шұғыл шақыртуларға бару үшін жанармайды әрең табуда, ал электр энергиясының жиі үзілуі ауруханалардың жұмысын одан әрі қиындатқан.
Өмірлік маңызы бар жүктерді жеткізген рейстер де тоқтаған. Гавана әуежайларынан ұшатын ұшақтарды жанармаймен қамтамасыз ету мүмкін болмай отыр.
Кубаның денсаулық сақтау министрі Хосе Анхель Портал Миранда Associated Press агенттігіне берген сұхбатында АҚШ санкциялары енді тек экономикаға емес, «адамның негізгі қауіпсіздігіне» қауіп төндіріп отырғанын айтты. Оның сөзінше, шамамен 5 миллион созылмалы ауруы бар кубалық дәрі-дәрмек пен емге қол жеткізуде қиындыққа тап болуы мүмкін. Олардың қатарында сәулелік терапия қажет ететін 16 мың онкологиялық науқас және химиотерапия алып жатқан 12 400 адам бар.
Дағдарыс әсіресе үздіксіз электр қуатын қажет ететін салаларға — жүрек-қан тамырлары еміне, ортопедияға, онкологияға, гемодиализ және жедел жәрдем қызметіне ауыр соққы болды.
Энергетикалық жағдай Дональд Трамп қол қойған жарлықтан кейін ушықты. Құжатта Кубаға мұнай сататын немесе жеткізетін кез келген елге тариф енгізу қарастырылған. Бұл шешім Венесуэла төңірегіндегі оқиғалардан кейін қабылданды.
Куба өз қажеттілігінің небәрі 40 пайызын ғана өзі өндіреді және бұрын Венесуэла, Мексика мен Ресейдің жеткізілімдеріне тәуелді болған.
Куба президенті Мигель Диас-Канель Вашингтонмен келіссөздер тек тең құқық пен өзара құрмет негізінде жүргізілетінін айтып, ел егемендігіне нұқсан келтіретін кез келген мәміледен бас тартатынын мәлімдеді.