АҚШ-тың әділет министрлігі "Ирак және Леванта ислам мемлекеті" (ИГИЛ-Хорасан) террорлық ұйымының мүшесі, "Джафар" есімімен танымал Мохаммад Шарифулланың ұсталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
"Голос Америки" таратқан мәліметке сәйкес, күдіктіге 2021 жылы Кабулдағы 183 адамның өмірін жалмаған террорлық актіні ұйымдастыру бойынша айып тағылған.
Сондай-ақ ведомство ұсынған мәлімет бойынша, жауап алу кезінде ол Мәскеудегі «Крокус Сити Холл» концерт залындағы терактіге қатысы барын да мойындаған.
ФБР жауап алу кезінде Шарифулла шабуылдаушыларға "Ислам мемлекетінің" атынан Калашников автоматтары және өзге де құралдарды қалай қолдану қажеттігі туралы нұсқаулық бергенін мойындады. Сондай-ақ ұсталған төрт лаңкестің арасынан екеуін таныды, - делінген АҚШ әділет министрлігінің мәлімдемесінде.
Күдікті АҚШ-қа Вирджиния сотының алдында жауап беру үшін жеткізілгені айтылды.
Егер кінәсі мойындалса, ол өмір бойы бас бостандығынан айырылады.