Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Криминалистика саласының білікті маманы Айсұлу Әбділдабекова сүйіп атқарған істің қиындығы жоқ екенін айтады.
Көңілі көктем шуағымен бірге гүл ататын әйел азаматшалардың меңгермеген мамандығы жоқ шығар сірә. Ауыр жұмыстан қаймықпай ер-азаматпен бірге иық тірестіре еңбек ететін нәзік жандылар қоғамның түрлі салаларында кәсібилігімен танылып жатады.
Солардың бірі, бүгінгі мақалаға арқау болған Өскемен қалалық Полиция басқармасының жедел криминалистикалық бөлімінің қызметкері, аға лейтенант Айсұлыу Әбділдабекова.
Балалық шақтың арманы
Криминалистиканың қыр-сырын меңгере бастағанына екі жылдың жүзі болса да өз ісінің маманына айнала білген Айсұлу Тарбағатай өңірінің тумасы. Ер-азаматтың өзіне қиын істің басын қайыра білетін бұл бойжеткен иығына погон тағып, қоғам тыныштығына кепіл болатын жұмыс істеуді бала кезінен арман еткен. Жағасы жайсаң Зайсанның жағасындағы Тұғыл ауылында туып-өскен ол орта мектепті тәмамдаған соң Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚМТУ-дың химия факультетіне түсіп, химиялық, экологиялық және соттық сараптама мамандығын алып шыққан.
Бала кезімнен иығыма погон тағып, шен иеленуді, адамдарға көмектесуді армандадым. Осындай қызметтегі адамдарға үнемі қызығатынмын. Оқиға ортасында жүруді, қылмыс орнына барып, криминалистикалық зерттеулер жүргізу, заттардың, саусақ іздерінің таңбасын алу мен үшін ерекше. Өзіме ұнайтын мамандық иелерін Шығыс Қазақстан Мемлекеттік университетінде даярлап шығаратынан естігенде төбем көкке жеткендей болды. Жоғары оқу орнын тәмамдаған соң қазіргі жұмыс атқарып жүрген бөлімде іс-тәжірибеден өтіп, кейін осы бөлімге жұмысқа орналастым, - дейді Айсұлу.
Сүйіп істеген жұмыстың жүгі жеңіл
Отбасында алғашқылардың бірі болып ішкі істер органына жұмысқа орналасқан ол жақын туыстарының біразы әскери қызметте жүргенін айтады. Қызығы да, шыжығы да мол жұмыс бастапқы кезде қиын көрінгенімен, кейін ұнап кеткенін алға тартқан Айсұлу, бүгінде өз ісін жақсы білетін маманның біріне айналған.
Менің ойымша, әр жұмыстың өзіндік бір қиын жақтары болады. Қыз бала үшін ішкі істер органдарында жұмыс істеу оңай деп айтпас едім. Өз жұмысымның қиын жақтары да көп. Тәуліктік кезекшілікке түскенде 24 сағат ұйықтамай жүретін кездеріміз де аз емес. Бірақ қай істі болмасын сүйіп істесең артылар жүктің жеңіл болатыны рас. Мен өз жұмысымды жақсы көргендіктен болар, қай нарядты болмасын ойдағыдай атқарып шығамын, - дейді Айсұлу.
9 қылмыстың ашылуына атсалыстым
Ішкі істер органдары үшін криминалистиканың маңызы зор. Өйткені оқиға орнына жедел топпен бірге алғашқылардың бірі болып жететін осы криминалист мамандар. Түрлі құрал-саймандары салынған қобдишасын арқалап жүретін қызметкер бірінші болып жағдайды саралап, қай заттың қайда және қандай күйде жатқанын есте сақтайды.
Фотоаппаратына түсіріп, саусақ, табан іздерін алады. Қылмыс орнын белгілеп, айғақ заттардың көзден таса болмауын қадағалайды.
Алғаш рет жұмысқа орналасқан күнім ерекше болды. Бірінші рет қылмыс орнына барып, бастапқыда абдырап қалғаным рас. Мұндай кезде жағдайды жете түсініп, қылмыс орын алған отбасы мүшелерінің жағдайына ене білу керек. Бұл жұмыстың тағы бір қызық жағы өзіңнің қатысуыңмен қылмыстың ашылуы. Саусақ іздерін алып келгеннен кейін "папилон" базасына енгіземіз. Ол жерде қылмыскерлердің саусақ іздері тіркелген. Жалпы, өткен жылы тікелей менің қатысуыммен 9 қылмыстың беті ашылды. Биыл қаңтар айында орын алған тонау қылмысының ашылуына септігім тиді, - деп қосты Айсұлу.
Қыздарының осындай маңызды міндет атқаруына қарсы болмаған ата-анасы өзіне ұнаған ісін жалғастыруын құп көрген.
Ата-анам мені әрдайым қолдап отырады. Олар маған ұнаса болды, жұмыс істей бер деп айтады. Достарымның арасында да сыйлымын. Кездескен кезде достарым менің жұмысымның қызықты екенін айтып жатады. Әрине, жақын туыстармен, достармен үнемі кездесе алуға мүмкіндік бола бермейді. Мереке күндері тәуліктік кезекшілікке түсіп жатамын. Тек 8 наурызда ғана бізге кезекшілік жоқ. Қыз бала үшін криминалистің қобдишасын тасып жүру ауыр емес пе деп жатады. Дегенмен, онда бел қайыстыратын заттар жоқ. Із алатын ұнтақтар, жаққыштар, скотч, дактопленка, табан іздерін алатын гипс, фотоаппарат болады, - дейді Айсұлу.
Сауатты әрі кәсіби маман
Ғасырдан астам тарихы бар криминалистиканың бір бөлшегіне айнала білген Айсұлу туралы басшылығының да қосары бар. Өз ісіне берік бойжеткеннің қызметіне көңілі толатынын жеткізген Өскемен қалалық Полиция басқармасы жедел криминалистикалық бөлімінің бастығы Расул Жақсылықов қызмет қандай ауыр болмасын, әйелдер қауымына қатысты қылмыстық істерде нәзік жанды криминалистердің де өз септігін тигізіп жататынын атап өтті. Бұл әсіресе тұрмыста орын алатын зорлық-зомбылық сияқты жағдайларда ерекше көрініс табатын көрінеді.
Бірінші наурыз – облысымыздағы криминалистика қызметінің ашылған күні. Яғни, осыдан тұп-тура 101 жыл бұрын, өңірде криминалистика саласы жұмыс істей бастаған. Бүгінгі таңда бөлімде 28 криминалист маман қызмет етсе, олардың 10-ы қыз-келіншектер. Жігіттерге қарағанда қыздарға жұмыс істеу қиындау екені рас. Бірақ жұмыс өте қызықты, зерттеу жұмыстарын жүргіземіз. Осындай қызметті арқалап жүрген Айсұлу есімді қызымызды мысал ретінде айта аламын. Өте сауатты, тәртіпті, кәсіби маман. Қазіргі уақытта дактилоскопиялық зерттеу жүргізуге мүмкіндігі бар. Алдағы уақытта суық қаруды зерттеуге мүмкіндік беріледі, - дейді Расул Ғанаятұлы.