Алматы облысындағы Бесағаш ауылында жағдай ушығып барады. Бір жағынан тау беткейі қайта-қайта опырылып, жүздеген миллион теңгеге бекітілген еңіс екі жыл өтпей жатып тағы сырғыды. Екінші жағынан ауыл іші батпаққа батып, тұрғындар жол азабын тартып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
2024 жылғы көшкіннен кейін жергілікті билік үйлерді апатты деп танып, бұзу мен өтемақы төлеудің орнына, беткейді нығайтуға шешім қабылдаған. Әкімдік "шешім төтенше жағдайлар жөніндегі комиссияда алқалы түрде қабылданды" деп түсіндіреді. Құжат жүзінде бәрі дұрыс: комиссия болған, төтенше жағдай жарияланған, инженерлік шаралар атқарылған. Бірақ нәтиже қандай?
Беткейді бекітуге бюджеттен екі кезеңмен 149 099 106 теңге және 120 606 978 теңге бөлінген. Барлығы шамамен 270 миллион теңге. Әкімдік есебінде "топырақты бекіту, тіреу қабырғасын тұрғызу, тау жынысын каскад әдісімен кесу, дренаж және су бұру жүйелерін орнату жұмыстары жүргізілді" делінген. Соған қарамастан, биыл 7-8 ақпанда беткей қайта опырылды. Бұл жолы бір үй зардап шеккені айтылды.
Ресми мәліметте "тұрғын үйлер мен негізгі тірек құрылымдары бүлінген жоқ" деп көрсетілгенімен, қауіп сейілген жоқ. Тұрғындар 2 жыл бұрын да үйлерін бұзуды, өтемақы төлеуді талап еткен. Қазір де сол талап қайталанып отыр. Алайда әкімдік әзірге "қазіргі уақытта тұрғындарды көшіру жұмыстары жүргізілуде, түпкілікті шешім барлық рәсімдер аяқталған соң қабылданады" деген жалпылама жауаппен шектелуде. Өтемақы көлемі де, нақты қанша үй сүрілетіні де белгісіз.
Ал ауылдың екінші мәселесі – батпақ. Бұл жолы кінә жауын-шашында емес, созылып кеткен құрылыс жұмыстарына тіреліп отыр.
Ал Almaty.tv хабарлағандай, жаңбыр жауған сайын көшелер лайға айналып, көліктер батпаққа батып қалады.
Өткен аптада көшелердің бірімен келе жатып, көлігіммен батпаққа әбден батып қалдым. Қайта көршілерімнің болғаны жақсы болды, оларды шақырып, машинамды әрең шығарып алдық, – дейді ауыл тұрғыны Виталий Тен.
Тұрғындардың айтуынша, бұл жай ғана қолайсыздық емес, нақты шығын. Көліктер бұзылады, уақыт кетеді, жүйке жұқарады. Себебі ауылда екі жылдан бері су құбыры тартылып жатыр. Қазылған жолдар сол күйі ашық қалып, жаңбырлы күні шұңқырға су толып, батпаққа айналады.
Су құбырын тартып жатыр. Олар біресе суды, біресе кәріз құдығын жарып жібереді. Қазған жерін қайтадан көмбей, арттарынан жүгіреміз. Бақылау органы қызметкері сияқты “жерді тазалап жіберіңдер, ана қоқысты жинаңдар” деп жұмысшылардың соңынан тексеріп жүреміз, – дейді тағы бір тұрғын Қанат Әкішев.
Ал ауыл әкімі Ернар Жүнісов жағдайды қаржы тапшылығымен және маусымдық ерекшелікпен түсіндіреді.
Жер қазылғаннан кейін құбыр салса, жөнделіп шыға келетін дүние емес. Екі жылға жоспарланған жоба. Қыстыгүні қазылған, қазір тоң кетіп құлап жатыр, еріп жатыр. Бірақ компания өз шамасымен талай көшеге қиыршық тас төсеп, жөндеп жатыр, - деді ол.
Әкімнің айтуынша, су құбырын орнату наурыз айының соңына қарай аяқталып, кейін қысыммен тексеріледі. Ал асфальт төсеу жазға жоспарланған.
Алайда тұрғындар үшін жоспар мен түсіндіру жеткіліксіз. Бір жағынан, 270 миллион теңгеге бекітілген беткей қайта құлап жатыр. Екінші жағынан, екі жылдық құрылыс ауылды батпаққа айналдырған. Табиғи факторды алға тартуға болады, бірақ басқару мен бақылау сапасына қатысты сұрақтар көбейіп келеді.
Бесағашта бүгінгі басты мәселе – тек көшкін немесе батпақ емес. Мәселе – қабылданған шешімдердің тиімділігі мен жауапкершілігінде. Тұрғындар "қашан қауіпсіз өмір сүреміз?" деп сұрайды. Ал әзірге жауап – талқылау мен уәде деңгейінде қалып отыр.