Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаментінің көші-қон қызметі басқармасының бастығы Арман Баймұхамет онлайн брифингте айтты.
Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаментінің көші-қон қызметі басқармасы тиісті заңдылық пен тәртіпті қамтамасыз етуге, заңсыз көші-қонды анықтау мен жолын кесу бойынша мақсатты жұмыс жүргізуде. Қабылданған шаралар нәтижесінде көші-қон заңнамасының 7 572 дерегі анықталды, - деді ол.
Арман Баймұхаметтің айтуынша, 189 шетел азаматы елден шығарылды.
Заңды бұза отырып, шетелдік жұмыс күшін тартқан 171 жұмыс беруші жауапкершілікке тартылды. Шетелдік азаматтарды уақытында тіркеу шараларын қабылдамағаны үшін 710 Қазақстан азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Шетелдіктерді қабылдаушы тараптар үш жұмыс күні ішінде көші-қон қызметіне шетелдіктің келуі туралы хабарлауға міндетті. Құқық бұзушылық анықталған жағдайда, қабылдаушы тарап ҚР ӘҚБтК-нің 518-ші бабына сәйкес, әкімшілік жауапкершілікке тартылады, - деді Баймұхамет.
Ол атап өткендей, шетелдiк немесе азаматтығы жоқтар Қазақстанның көші-қон саласындағы заңнамасын бұзса ҚР ӘҚБтК-нің 517 бабына сәйкес жауапкершілікке тартылады.
Егер шетелдiктiң заңнамада белгіленген мерзім өткеннен кейін он тәуліктен асатын кезең ішінде елден шығуға жалтарса, Қазақстан Республикасының көші-қон саласындағы заңнамасын бұзуы – жиырма бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға немесе Қазақстан Республикасының шегiнен тысқары жерге әкімшілік жолмен шығарып жiберуге алып келеді. Елге 30 күннен астам уақытқа келген шетелдіктерге уақытша тұруға рұқсат беріледі. Осы жылдың басынан бері 19 мыңнан астам азаматқа рұқсат берілді, - деді ол.