Көшербаев жамбылдықтарға мемлекеттік наградаларды табыстады

11 Желтоқсан 2021, 16:41
1354
Бөлісу:
Көшербаев жамбылдықтарға мемлекеттік наградаларды табыстады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Таразда Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған салтанатты іс-шара өтті. Оған Мемлекет басшысының тапсырмасымен облысқа келген Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев қатысты.

Мерекелік жиында Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев жамбылдықтарды мерекемен құттықтап, Тәуелсіздікті нығайтудағы Елбасының рөліне ерекше тоқталды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жасампаз саясатты жемісті жалғастыруы, салиқалы сабақтастық еліміздің одан ары табысты дамуының негізі болып отырғанын жеткізді.

Көшербаев жамбылдықтарға мемлекеттік наградаларды табыстады

Туған халқының сенімін арқалаған Елбасы мен Қазақстан егіз ұғымға айналды. Нұрсұлтан Әбішұлының болашақты болжап, келешекті көре білген көреген саясатының арқасында Тәуелсіздікпен бірге қоғамның тұтастай жаңаша ойлау жүйесі қалыптасты. Тәуелсіз Қазақстанның туын тіктеп, шекарасын шегендеп, әлемдік аренада өз орнын ойып тұрып алуына Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ерен еңбек сіңірді. Талай сындарлы сәтте елімізді заманның дауылы мен жауынына ұрындырмай, аман алып шықты. Ал Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Елбасы қалыптастырған даңғыл жолды Сабақтастық, Әділет, Өрлеу принциптерімен лайықты жалғастырып келеді. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асырып, еліміздің одан әрі дамуын қамтамасыз етіп келеді. Осылайша, біз ғасырға пара-пар қысқа мерзімде жасампаздық жолына түсе білдік, - деді Көшербаев өз сөзінде.

Мемлекеттік хатшы барша қазақстандықтың тәу етер тұғыры – Тәуелсіздіктің құндылығын бүгінгі өскелең ұрпақ жете түсініп, бағалауы керектігін баса айтты.

Бүгінгі ұрпақ Тәуелсіздік киесін қастерлеп, мәртебемізді асқақтатқан азаттықтың қадірін бағалай білуге, сол арқылы ұлт пен тарих алдындағы жауапкершілігін жете сезінуі тиіс. Біздің алдымызда Тәуелсіздік сыйлаған даңғыл жол жатыр. Сол жолда жаңа асуларды бағындыру міндеті тұр. Тағдыры ортақ тұтас халқымыздың татулығын сақтау – біздің басты мақсатымыз, - деген Қырымбек Көшербаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына Жамбыл облысының да ерекше үлес қосып келе жатқанын атап өтті.

Өз кезегінде Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев өңір халқын ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесімен құттықтап, облыстың жетістіктерін атап өтті. Егемендік алғалы еліміздің өркендеуі жолында жамбылдықтар да аянбай атсалысып келе жатқанын жеткізіп, өңірдің экономикалық, әлеуметтік жетістіктеріне тоқталды.

Көшербаев жамбылдықтарға мемлекеттік наградаларды табыстады

Отыз жылдың әр сәті біз үшін жеңіс, әр жылы тұтас дәуір. Осы Тәуелсіздік дәуірінде Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еңбегі зор. Сол себепті де «Тәуелсіздік пен Елбасы» сөзі үнемі қатар жүреді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ел үшін де, ер үшін де оңай болған жоқ. Осындай қиын-қыстау кезеңде, Елі үшін Ері тарихи шешімдер қабылдап, болашақты болжай білді. Сындарлы саясат пен нақты шешімдердің арқасында Қазақстанды қиындықтардан алып шықты, - деді облыс әкімі.

Оның айтуынша, Тұңғыш Президентіміздің сындарлы саясатының арқасында әлемдік саясатта дамудың «Қазақстан жолы» атты моделі қалыптасты. Бүгінде осы дамудың «Қазақстандық жолы» Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік бағдарында ұтымды сабақтаса отырып, ел тарихының өрлеуінде әрі қарай жалғасын табуда.

Тәуелсіздіктің 30 жылында киелі Әулиеата халқының саны 1 млн. 150 мыңға көбейді. Өмір сүруінің орташа жасы 63,5 жастан 71 жасқа ұзарды. Осы жылдары облыс бюджеті 222 есеге өсіп, 2,2 млрд, теңгеден 481 млрд.теңгеге жетті. Жамбыл жерінің өңірлік өнімі 0,8 млрд. теңгеден 2,4 мың есеге өсіп, 1901 млрд. теңгеге жетті. Жұмыссыздық деңгейі 7,1 пайызға азайды. Тәуелсіздік жылдары облысымызға 3,2 трлн теңгеге инвестиция құйылды, - деді аймақ басшысы.

Мемлекеттік хатшы салтанатты іс-шара соңында Президент Жарлығымен берілген мемлекеттік наградаларды әртүрлі салада ел мерейін асырып жүрген жамбылдықтарға тапсырды. Атап айқанда, мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі cіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына қосқан елеулі үлесі үшін өңірдің бір топ азаматы «ІІI дәрежелі Барыс», «Парасат», «Құрмет», «ІІІ дәрежелі Еңбек даңқы» ордендері мен «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медалдері және ҚР Құрмет грамотасы сынды мемлекеттік наградалармен марапатталды.

Сондай-ақ жиында бірқатар азаматтарға «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалі, «Жамбыл облысының Құрметті азаматы» атағы, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгілері табыс етілді.

Өзгелердің жаңалығы