Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қырымбек Көшербаев «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының лауреаттарын марапаттау рәсіміне қатысты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Отбасы күні қарсаңында Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтың қатысуымен онлайн форматта «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының лауреаттарын марапаттау рәсімі өтті.
Мемлекеттік хатшы салтанатты рәсімді ашып, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын оқып берді. Онда конкурстың өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі және отбасылық құндылықтарды нығайтудағы маңызды рөлі айтылған.
Мен Қазақстандағы әр шаңырақ берік болып, әрбір әулет бақытты ғұмыр кешкенін қалаймын. Сол үшін отбасы саясатына баса мән беремін. Ұрпақтың бойындағы адамгершілік пен адалдық, еңбекқорлық пен мейірімділік, ұлтжандылық пен отаншылдық сияқты асыл қасиеттердің бәрі, ең алдымен, отбасында қалыптасады. Қазақ – қашанда ата-ананы сыйлаған, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білген жұрт. Қазіргі жаһандану заманында рухани құндылықтарды халқымыздың өмір салтына айналдыру – аса маңызды міндет. Жыл сайын «Отбасы күніне» орай өткізілетін ұлттық конкурс бұған зор үлес қосуда. Оның, әсіресе, жастар үшін берер тағылымы мен тәлім-тәрбиесі зор, – делінген Президент құттықтауында.
Айта кетейік, биыл конкурсты өткізудің жаңа тәсілдері енгізілді. Соған сәйкес енді жыл сайын республика бойынша 17 үздік отбасы анықталатын болады. Биыл өңірлік конкурстық комиссияларға барлығы 2768 өтінім түсті. Жаңа ережелерге сәйкес өтінімдер тек отбасылардан ғана емес, заңды тұлғалардан да қабылданды.
Іс-шара соңында Мемлекет басшысының атынан лауреат отбасыларға естелік сыйлықтар табысталды.