Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қырымбек Көшербаев Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Мемлекеттік комиссияның жұмыс топтары жетекшілерімен кездесті.
Бұл туралы Ақорданың ресми сайтында хабарланды.
Алматы қаласында Мемлекеттік хатшы – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Мемлекеттік комиссияның төрағасы Қырымбек Көшербаев Мемлекеттік комиссияның жұмыс топтары жетекшілерімен, ғалымдармен және сарапшылармен кездесу өткізді.
Кездесу кезінде комиссияның жұмыс барысы мен өзекті мәселелері, оның ішінде архивтерде, әсіресе, шетелдік мұрағаттардағы зерттеу жұмыстарын егжей-тегжейлі зерделеу қарастырылды. Өңірлік комиссиялардың жұмысын күшейту, оларға тиісті әдістемелік көмек көрсету жөнінде шешім қабылданды, - делінген хабарламада.
Сондай-ақ Қырымбек Көшербаев өздерінің өтініштері бойынша бір топ мәдениет және ғылым қайраткерін қабылдады.