Мәдениет және спорт министрлігінің кеңейтілген отырысында Т. Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Азамат Сатыбалды өзі басқарып отырған ғимараттағы проблемаларды көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сөзінше, Т. Жүргенов атындағы өнер академиясы 58 бағыт бойынша мамандарды даярлайды.
Азамат Сатыбалды 2022 жылы профессор-оқытушы құрамының жалақысы екі есеге дейін өскенін атап өтті.
Академия басшысы шешімі әлі күнге дейін табылмай келе жатқан проблемаларды атады.
Проблемаларымыз бар. Олар жатақханалар мен замануи оқу корпустарының мәселесі. Алматыда студенттердің жатақханаға зәру болып жүргенін өздеріңіз білесіздер. Ол мемлекет деңгейінде көтеріліп те жатыр. Салыстырмалы түрде айтатын болсам, қасымыздағы көршіміз – Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияның 1 000 студенті бар, 700 студентке жатақханадан орын берілген. Ал біздің өнер академиясында 2 697 студент бар, ал жатақханада 250 ғана орын бар, - деді ол.
Жиында Сатыбалды бұл өте күрделі әрі қиын жағдай екенін айтты.
Осы мәселе бойынша былтыр министрлікпен бірігіп, Алматы әкімдігінің қолдауымен Қ. Сәтбаев, 64 мекенжайындағы ескі Неміс театры ғимаратын толығымен өнер академиясының балансына ауыстыруға және сол жерге жатақхана салуға әкімдікпен бірге эскиздік сметасын қорғап шықтық. Біздің қолымыздан келген шара осы ғана болды. Енді өздеріңіздің (Мәдениет және спорт министрлігінің, Үкіметтің – ред.) қолдауларыңыз болмаса, әрі қарай біздің шамамыз келмейді. Жұмысты биыл бастайтын болсақ, бізде 3 жылдан кейін 600 орындық 9 қабатты жатақхана болады. Бұл академияға келетін студенттерге үлкен қолдау болар еді, - деп атап өтті академия басшысы.
Сонымен қатар ол кездесуде оқу корпусының мәселесіне де тоқтала кетті.
Өнер академиясына түсетін студенттердің саны өте көп. Келушілер өте көп. Бірақ біз қабылдағымыз-ақ келеді, десе де оқу корпусының аздығы қабырғамызды қайыстырып, құлашымызды кеңге салуға мүмкіндік бермей отыр. Тағы да салыстырмалы түрде айтатын болсам, Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияда 3 корпус бар, ал бізде бір ғана корпус. Құрманғазыны айтып отырғаным – ол біздің көршіміз. Юнус Эмренің мынадай әдемі сөзі бар: «Көршің байыса, жамандама, қайта қуан. Саған берілетін кезек жақындап қалды» дейді. Құрманғазы консерваторияның жарқырап тұрғанына қарап, біз де қуанып отырамыз, - деп түсіндірді Азамат Сатыбалды.
Өнер академиясының басшысы болашақта академия ғимаратының жаңаратынына үміт барын айтты.
Онымен қоса, ол академия министрліктің көмегімен, Алматы әкімдігінің қолдауымен Жібек жолы, 100 мекенжайы бойынша жаңа ғимаратты балансқа келісіммен алғанын айтты. Сөзінше, бұл жердегі мәселе – ғимарат келісіммен бірілгенімен, толық балансқа өтпегені.
Мәдениет министрлігінің кеңейтілген алқа отырысына қатысқан Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов көтерген мәселе орынды екенін айтты.
Жатақхана бойынша мәселе - ол тек сіздің академияңызға ғана қатысты емес. Бұл ірі қалалардағы бар проблема. Бұған қатысты Президенттің арнайы тапсырмасы бар. Ол Үкіметтің бақылауында тұр, - деп айтты Көлгінов.
Үкімет мүшесі осы мәселе бойынша Мәдениет және спорт министрлігіне, Ғылым және жоғары білім министрлігіне қоса, Алматы әкімдігіне тиісті тапсырма берілетінін және проблеманы шешу жолдарын ұсынуды тапсырды.
Көршілерден (Құрманғазы атындағы ұлттық консерватория – ред.) ұят болмас үшін не істеу керек? Асхат Раздықұлы, ұсыныс беріңіздер. Азамат Сатыбалды ұялмасын, академия деген дәрежесі бар, - деп айтты Премьер-министрдің орынбасары.