Үкімет кулуарында Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Абай облысындағы өрттен зардап шеккендерге Үкімет тарапынан қандай жағдай жасалатынын айтты, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.
Үкімет отырысынан соң министрден БАҚ өкілі «Өрттен зардап шеккендерге қаржы халықтың есебінен бөліне ме сонда?» деп сұрады журналист.
Тек халықтың есебінен емес, бұл жерде кәсіпкерлер бар және түрлі саладағы қызметкерлердің есебінен бөлінеді. Ал мемлекет тиісті қаражат бөледі, - деп жауап берді министр.
Жамаубаевқа «Төтенше жағдайлар министрлігінде қаражатты игермеу тіркелді ме?» деген сұрақ қойылды.
Қаржыны игермеу туралы фактілер кез келген сала бойынша тіркеліп жатыр. Бұл жерде меніңше, арнайы комиссия анықтауы қажет. Оның неге игерілмегенін, неліктен тиісті техника жетіспегенін анықтау керек. Өйткені «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының» өзіне 6 млрд теңге қарастырылған болатын. Қаражат неге сол уақытта игерілмеді немесе қандай олқылық пен кемшілік болды соны сараптау қажет, - деп жауап берді ведомство басшысы.
Қаржы министрі «көрші елдерден неге көмек сұрамаймыз» деген сұраққа жауап берді.
Ол жағын айта алмаймын. Қазіргі таңда сондай жұмыстар жүргізіліп жатқан шығар, - деді Жамаубаев.
Сондай-ақ министр өрттің шығыны қалай есептелетінін айтты.
Әртүрлі шығын болады. Ол жерде үйдің шығыны немесе малдың шығыны болуы мүмкін. Бәрін есептеп, шешім қабылдаймыз. Егер қажет болған жағдайда Үкімет резерві және жергілікті атқарушы органдардың резерві бар. Онымен қоса, ірі кәсіпорындардың бар екенін атап өткен жөн, - деді ол.