- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Коррупция: Жыл басынан бері кім ұсталды, қандай схема әшкереленді?
Коррупция: Жыл басынан бері кім ұсталды, қандай схема әшкереленді?
Биыл алғашқы үш айда жемқорлыққа қарсы жұмыс қыза түскен.
Бүгiн 2026, 14:30
2026 жылдың алғашқы үш айында Қазақстанда жемқорлыққа қарсы жұмыс қыза түсті. Бұл жолы әңгіме тек жекелеген шенеуніктер туралы емес, мемлекеттік қызмет, медицина, қаржы институттары, құқық қорғау органдары мен емтихан жүйесіндегі тұтас схемалар жайында болып отыр. BAQ.KZ тілшісі ел ішінде резонанс тудырған негізгі істерге шолу жасады.
Жыл басынан бері қоғам назарын аудартқан істердің ішінде жоғары лауазымды тұлғаларға қатысты сот процестері, арнайы ХҚКО мен авто-мектептердегі заңсыз схема, денсаулық сақтау саласындағы тергеулер, миллиардтаған теңге залал келтірген қаржылық істер және құқық қорғау жүйесінің өз ішіндегі күдікке ілінген тұлғалар бар.
Ресми статистика не дейді?
ҰҚК-нің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі жариялаған мәліметке сәйкес, 2026 жылдың қаңтар айының өзінде 126 қылмыстық құқықбұзушылық тіркелген, оның 110-ы - жемқорлық сипатындағы істер. Сонымен қатар 129 қылмыстық іс аяқталып, оның 121-і сотқа жолданған. Аяқталған істер бойынша анықталған залал көлемі 18 млрд теңгені құрады.
1. Арнайы ХҚКО, авто-мектептер және жүргізуші куәліктері
19 наурызда ҰҚК-нің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Астана, Ақмола және Павлодар облыстарында мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы жемқорлық фактілерін анықтағанын хабарлады. Әңгіме авто-мектептер, жүргізуші емтихандары және жүргізуші куәлігін алу процестеріне қатысты болған. Ресми мәліметке сәйкес, 2026 жылдың басынан бері 60-тан астам эпизод процессуалдық тұрғыда құжатталған, ал заңсыз сыйақы көлемі 100 млн теңгеден асқан.
Іс аясында Астанадағы арнайы ХҚКО басшысының бұрынғы орынбасары күдікке ілінген. Тергеу нұсқасы бойынша, ол жүргізуші куәлігін алуға және емтихан тапсыруға “көмектесу” үшін заңсыз ақша алу схемасына қатысы болуы мүмкін.
2. Жақсылық Омар ісі: ШҚО әкімінің орынбасары сотқа тартылды
Наурыздағы ең резонансты істердің бірі – Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омарға қатысты іс болды.
19 наурызда Өскемен қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында оған қатысты іс қарала бастады. Ақпаратқа сәйкес, шенеунікке “аса ірі көлемдегі алаяқтық” және “аса ірі көлемде пара алу” баптары бойынша айып тағылған. Кейін ол өзіне тағылған айыптарды толық мойындағаны туралы да ақпарат тарады.
3. Айгүл Балғабаева ісі: медицина саласындағы күдік
Жыл басында қоғам назарын аудартқан тағы бір іс – Айгүл Балғабаеваға қатысты тергеу.
5 ақпанда Қауіпсіздік комитеті Айгүл Балғабаеваға қатысты тергеу жүргізіліп жатқанын растаған. Ашық дереккөздердегі мәлімет бойынша, ол Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы қызметін атқарған.
4. Фармацевтикадағы 4,5 млрд теңгелік схема
Медицина саласына қатысты тағы бір шулы іс қаңтар айының соңында белгілі болды. ҰҚК-нің мәліметінше, Қазақстанда медициналық бұйымдарды жалған өндірді деген күдікке байланысты ірі схема әшкереленген. Бұл іске OrdaMed компаниясы төңірегіндегі күдік те ілінді. Тергеу нұсқасы бойынша, жалған құжаттар арқылы медициналық жабдықтарды мемлекеттік мекемелерге жеңілдетілген тәртіппен жеткізуге заңсыз артықшылықтар алынған. Ал мемлекетке келген залал 4,5 млрд теңге деп бағаланған.
5. Проблемалық кредиттер қоры: 11 млрд теңгеден астам залал
Ақпанда қоғам назарын аудартқан ең ірі қаржылық істердің бірі – «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ-ның бұрынғы басшысына қатысты іс болды.
25 ақпанда ҰҚК жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қаржы министрлігіне қарасты «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ-ның бұрынғы басқарма төрағасын ұстағанын хабарлады. Тергеу мәліметінше, ол лауазымдық өкілеттігін теріс пайдаланды деген күдікке ілінген. Ал бұл іс бойынша мемлекетке келтірілген залал 11 млрд теңгеден асқаны айтылды.
6. Ақтөбе облысындағы прокурордың ұсталу фактісі
Жемқорлыққа қарсы күн тәртібіндегі тағы бір назар аудартқан оқиға – Ақтөбе облысы прокуратурасы қызметкерінің ұсталу фактісі.
18 ақпанда бұл туралы ақпарат ашық кеңістікке шықты. Ресми мәліметке сәйкес, 17 ақпанда ҰҚК-нің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің орталық аппараты Бас прокуратураның ішкі қауіпсіздік департаментімен бірлесіп Ақтөбе облысы прокуратурасының қызметкерін ұстаған. Қазір бұл іс бойынша тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.
7. ШҚО-дағы 134 млн теңге: жол, тасымал және білім саласындағы күдік
30 қаңтарда Шығыс Қазақстан облысындағы тағы бір резонансты іс туралы ақпарат тарады. Мәліметтерге сәйкес, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы пара алу және лауазымдық өкілеттігін теріс пайдалану күдігімен тергелді. Тергеу барысында оның жол-құрылыс компаниялары мен автобус парктері өкілдерінен 134 млн теңге көлемінде заңсыз сыйақы алғаны айтылды. Сонымен қатар, осы өңірдегі білім сапасын қамтамасыз ету департаментінің басшысына қатысты да қылмыстық іс қозғалған.
Осылайша 2026 жылдың басынан бергі шулы істер мемлекеттік қызмет көрсету жүйесінде де, аймақтық басқаруда да, денсаулық сақтау мен фармацевтикада да, қаржы секторында да, тіпті қадағалау органдарының өз ішінде де байқалып отыр.
Ең оқылған:
- Күдікті – ірі кәсіпкер: Алматыдағы 3 адам қаза тапқан жантүршігерлік апатқа қатысты тың дерек шықты
- Қазақстанда жаңа арзан ипотека бағдарламасы іске қосылады
- "Өзіне қол жұмсады" деп ойлаған: Ұйқыны жақсы көретін ақтаулық келіншек елді әбігерге салды
- Мемлекет басшысы қазақстандық спортшыға "Қазақстанның Еңбек ері" атағын беру туралы жарлыққа қол қойды
- Боксшы Қанат Ислам жаңа қызметке тағайындалды
Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА