Коронавирус. Елбасы республикалық қор құруды ұсынды

20 Наурыз 2020, 10:46
1957
Бөлісу:
Коронавирус. Елбасы республикалық қор құруды ұсынды

Нұр-Сұлтан. BAQ.KZ. Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына үндеу жариялады. Үндеуде Елбасы осындай сын сағатта ортақ істен ешкім де сырт қалмауға тиіс екенін айтты. 

Үкімет бюджет саласы қызметкерлерінің, студенттердің, шағын және орта бизнестің ауыртпалығын жеңілдету бағытындағы нақты қадамдарын жария етті. Бірақ тек қана мемлекеттің күш-жігері жеткіліксіз болады, - делінген Үндеуде.

Осы ретте Елбасы қиын кезеңде халыққа көмектескісі келетін адамдардың қаражаты жинақталатын Республикалық қор құруды ұсынды.
Зауалды еңсеру үшін басқа да қосымша ресурстарды жұмылдырған жөн.Әрбір азамат өзінің қолынан келетін үлесін қосуға тиіс. Мен бұл қиын кезеңде ел-жұртқа көмектескісі келетін және жәрдем бере алатын адамдардың қаражаты жинақталатын Республикалық қор құруды ұсынамын, - деді Елбасы.

Елбасының айтуынша, мұндай қорларды облыс орталықтарында және республикалық маңызы бар қалаларда құру қажет.
Осындай жағдайда бұрынғыша отандық ірі кәсіпорындар да қолдауын көрсетеді деп сенемін. Ондай қорларды әрбір облыс орталығында және республикалық маңызы бар қалаларда құру қажет. Ол жұмысты тиісінше сол жерлердің әкімдері жүзеге асырғаны дұрыс, - деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.

Осы ретте Елбасы бүкіл халық, қалың ел, жалпақ жұрт болып жұмылудың жарқын үлгісі мен тиімділігін біз Арыс қаласын апаттан кейін жедел қалпына келтірген кезде көрсеткенімізді де Үндеуде айта кетті.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына үндеуінің толық мәтінін осы жерден оқи аласыздар.



Өзгелердің жаңалығы