Дәрігер: Коронавирустың негізгі нысанасы – өкпе

13 Шілде 2020, 15:35
2632
Бөлісу:
Дәрігер: Коронавирустың негізгі нысанасы – өкпе

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында "Короновирустық инфекциямен өкпенің зақымдануын амбулаториялық емдеу" тақырыбы аясында өткен онлайн брифинг барысында медицина ғылымдарының докторы, профессор, Алматы қаласының бас штаттан тыс пульмонологі Сәуле Қасенова айтты.

Коронавирустың негізгі нысанасы, ағзаның бұл вирус алдындағы ең әлсіз жері – өкпе. Қазір коронавирус жағдайында пневмония ошағының көптеп байқалуы - вирустың жоғары тыныс алу жолдарын қабындырып қана қоймай, кейбір пациенттен ринит немесе фарингит ауруларының пайда болуына әкелетінінің дәлелі болып отыр. Ал егер вирус төменгі тыныс алу жолдарына түссе, пневмонияның өршуіне алып келеді. Негізінде бұл дерттің клиникалық бейнесі (әсіресе, морфологиялық бейнесі) әдеттегі пневмония емес екенін көрсетеді. Мұнда көбінесе, геморрагиялық синдромның өршуі, өкпе тамырлары, ұсақ капиллярлардың қабынуы, қанның ұюы, гипертромбоздардың өршуі байқалады. Науқас мұны ентікпе бейнесінде сезіп, дем алуы қиындайды. Мұндай жағдайда дәрігерлер науқастарды көмекші желдету құралдарына жатқызуға тура келеді. Себебі, өкпе өздігінен жұмыс істей алмайды, - деді дәрігер.

Сәуле Қасенова коронавирусты емдеуге қатысты клиникалық нұсқаулық жиі өзгеретінін жеткізді.

Коронавирус инфекциясы бұл – жаңа дерт. Қазақстан үшін ғана емес, әлем үшін жаңа індет. Елімізде наурыз айында карантин енді басталған шақта әлемнің бірқатар елінде де жағдайдың мәз емес екенін байқадық. Біз алып отырған білім күн сайын өзгеруде. Індетті емдеу бойынша жасалған клиникалық хаттамалар да жиі өзгеріске ұшырап жатыр. Өткен аптада елімізге келген ресейлік дәрігерлердің айтуынша, ол жақта да клиникалық нұсқаулық осымен сегізінші рет жаңартылуда. Күн сайын біз індет жайында жаңа дүние біліп жатырмыз. Соған сәйкес, емдеу әдісі де өзгеруде, - деді ол. 

Дәрігер коронавирусты науқас өздігінен емдеуге болмайтынын тағы бір еске салды.

Осы арада тағы бір рет еске сала кеткім келетін жайт, бұл ауруды өздігінен емдеуге болмайды. Емдеу жүйесіне қатысты кез келген нұсқаулықты дәрігер беруі керек. Себебі, дерт әркімде әрқалай көрініс табады. Бірінде ауру жеңіл өтеді (науқастардың 80%-да), яғни, бірнеше күн дене қызуы көтеріліп, шамамен, екі апта өткен соң денсаулығы жақсарады. Ал, енді бірінде (15-25%) ауру ауыр түрде өтеді. Бұларды міндетті түрде дәрігер бақылауы керек, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы