Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы «Орталық коммуникациялар қызметі» алаңында өткен онлайн баспасөз конференциясы кезінде ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов мәлімдеді.
Қазіргі таңда Қазақстанда эпидемиологиялық ахуал тұрақты деп бағалануда. Коронавирус инфекциясының жұқтыру деңгейі төмендеп жатыр. 4 қыркүйектегі мәлімет бойынша, 106 121 науқас коронавирус инфекциясын жұқтырған. Соңғы тәулікте 89 жағдай тіркелді. Қазір алты мыңға жуық пациент ем қабылдап жатыр. Бүгінге дейін 98 585 адам жазылып шықты, 1612 адам қайтыс болды. Ал коронавирусқа ұқсас белгілері бар, бірақ ПТР тест нәтижесі теріс шыққан 26 803 адам тіркелді. Олардың арасында 305 пациент адам қаза тапты. 20 972 науқас ем қабылдап жатыр, - деді ол.
Ресми өкіл өлім-жітім жағдайына сараптама жасайтын арнайы комиссияның қорытындысына сәйкес, 556 адам жанама немесе ілеспе аурулардың әсерінен қайтыс болғанын айтты.
Бүгінде Денсаулық сақтау министрі Түркістан облысында жұмыс сапарымен жүргені белгілі. Бұған дейін Алексей Цой Шымкент, Талдықорған, Аягөз, Өскемен қалаларында болған. Іс сапардың басты мақсаты – өңірлердегі медициналық мекемелердің дайындығын тексеру. Күзде коронавирустың екінші толқыны болуы мүмкін деген болжам барын білесіздер, сондықтан қауіп-қатерге дайын болу үшін министр аймақтарды аралап жүр. Министр дәрі-дәрмек қорын, ауруханалар мүмкіндігін, мобильді бригадалар қызметін қадағалап жүр, - деді ол.
Еске сала кетейік, бүгінгі кездесу ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің өзекті мәселелері: Мемлекет басшысының Жолдауындағы тапсырмаларды жүзеге асыру тақырыбына арналды.