Коронавирусты емдеуде дәрігерлердің тәжірибесі артты – дәрігер

4 Қазан 2021, 12:31
5193
Бөлісу:
Коронавирусты емдеуде дәрігерлердің тәжірибесі артты – дәрігер

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Талдықорған қаласы облыстық ауруханасының директоры Анарбек Моңғол коронавирусты емдеуде дәрігерлердің біліктілігі мен тәжірибесі артқанын мәлімдеді.

Коронавирустың бірінші, екінші толқынмен салыстырғанда үшінші толқында науқастар саны 3-4 есе жоғары болды. Емдеу хаттамасы да өзгеріп жатыр. Мұның барлығы дәрігерлердің коронавируспен күресте біліктілігі артып, тәжірибелерінің молайғанын көрсетеді. Біз емдеу хаттамасына қандай өзгеріс енгізілгенін және әлемде жаңадан шығып жатқан емдеу тәсілдерін қадағалап отырамыз. Сондықтан дәрігерлер бұрынғыға қарағанда коронавирусты емдеу жолдарын жақсы біледі,-деді ол.

Оның айтуынша, коронавирустың үшінші толқыны кезінде облыстық ауруханадан 3 363 науқас емделген, оның ішінде 218 адам әлі ем алып жатыр. Жиырма алты науқастың жағдайы ауыр, олар жансақтау бөлімінде.

Сонымен қатар ол қатерлі індеттің алдын алу үшін вакцина алу маңызды екенін атап өтті.

Коронавирустың үшінші толқыны кезінде вакцина алған науқастарда сырқат жеңіл өткенін байқадық. Жағдайы ауыр болған науқастардың барлығы вакцина алмағандар. Сондай-ақ вирус жұқтырғандар арасында зерттеу жасағанымызда, көпшілігі сақтық шараларын ұстанбағаны анықталды. Маска тағу, көпшілік жерге бармау, әлеуметтік қашықтықты сақтау әлі де маңызды,-деді ол.

Бас дәрігер сондай-ақ вирусты кімдер ауыр өткергенін жеткізді. Әсіресе созылмалы ауруы барларға сақтанған жөн дейді ол.

Қант диабеті, созылмалы ауруы барлар, тыныс жүйесі ауыратын адамдарда коронавирус ауыр жүреді. Сондықтан ондай сырқаты бар адамдар сақтанғаны дұрыс. Жалпы жұқпалы ауруханадан жазылып шыққан немесе КВИ-мен ауырған адамның барлығы жазылып шыққан соң екі апталық карантин режимін ұстану қажет. Өйткені олар айналасына вирус жұқтыратындар қатарында,-деді Анарбек Моңғол.



Өзгелердің жаңалығы