Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Белгілі заңгер, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Марат Бәшімов қатаңдатылған 14 күндік карантиннің қажет екенін айтты.
5 шілдеден бастап көптеген шектеу басталады. Бұл - дұрыс шешім. Оны түсіндірудің қажеті жоқ. Бұл өзекті, қажетті және мәжбүрлі шешім. Дәл қазір онсыз болмайды. Өйткені айналамызда пневмония және коронавируспен ауырып жатқандар көп. Маска кимей, арақашықтық сақтамай жүргендер өте көп. Өзім де сондайлардың талайын көріп жүрмін. Көбі түсінбейді, жеңіл ойлайды. Оларға түсінікті болу үшін "бұлай жүрсең, ауру тарайды" деп тіке айту керек, - дейді Марат Бәшімов.
Ол түсінбей, тәртіп бұзғандарды жазалау керек дегенді қолдайтынын айтты. Әйтпесе, ешкім өздігінен түсінбейді деп санайды.
COVID-19 біздің өмірімізге ұзақ араласары анық. Азаматтарымыз онымен өмір сүруге мәжбүр. Сондықтан қорғанудың амалдарын жасау керек. Мұның бәрі өзіңізді және жақындарыңыздың өмірін сақтау үшін қажет. Төтенше жағдай режимі алынған соң, коронавирусқа немқұрайлы қарау - қоғамның бір бөлігін қауіпті жағдайға әкелді. Сондықтан осындай қиын кезеңде қатаң карантин режимін қолдаймын, - дейді сарапшы.Айта кетейік, 2 шілдеде мемлекеттік комиссия эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру жөніндегі шараларды бекіткен болатын.