Коронавируспен күрес. ТМД және Моңғолия тәжірибесі талқыланды

16 Шілде 2020, 22:03
1627
Бөлісу:
Коронавируспен күрес. ТМД және Моңғолия тәжірибесі талқыланды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бейнеконференция арқылы өткен кездесу барысында ТМД-ға қатысушы мемлекеттер мен Моңғолияның еңбек инспекциясы өңірлік альянсының еңбек инспекцияларының өкілдері 2020 жылға арналған іс-шаралар жоспарын іске асыру және COVID-19 таралуы аясында қабылданған шараларды талқылады.

Іс-шараға Халықаралық Еңбек Ұйымының, Армения, Беларусь, Қазақстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан елдерінің өкілдері қатысты.

Отырыс Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасовтың төрағалығымен өтті. Қазақстан тарапынан Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті төрағасының орынбасары Төлеген Оспанқұлов, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар облыстары мен Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларының еңбек инспекциясы басқармасының өкілдері қатысты.

Өз сөзінде Ақмәди Сарбасов COVID-19 инфекциясының таралуы жағдайында жұмыс орындарында еңбек қауіпсіздігі мен оны қорғауды қамтамасыз ету мәселелерінің өзектілігін атап өтті.

Уақытында қабылданған шаралардың арқасында еліміздің кәсіпорындарындағы қызметкерлер арасында коронавирустық инфекцияның таралу қаупін айтарлықтай төмендетуге қол жеткіздік. Бұл бірінші кезекте, әрине, карантин режимін жариялау, сондай-ақ жекелеген ұйымдардың қызметін уақытша шектеу және олардың қызметкерлерін қашықтан жұмыс режиміне ауыстыру. Осы шаралардың енгізілуіне байланысты азаматтардың жекелеген санаттары табыстарынан айырылды. Осыны ескере отырып, аталған азаматтарды әлеуметтік қолдау мақсатында Ел Президентінің тапсырмасы бойынша Министрлік төтенше жағдай қолданылған кезеңде мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан ең төменгі жалақы мөлшерінде әлеуметтік төлемдер төлеуді ұйымдастырды, оларды 4,5 млн-нан астам адам алды, – деді ол.

Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі әріптестерімен ҚР Еңбек кодексіне енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы ақпаратпен бөлісті, олар қызметкерлерді жалдау, жұмыстан шығару және ауыстыру, әлеуметтік әріптестік, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелерін қамтыды, сонымен қатар республикадағы еңбек жарақатының төмендеу динамикасы туралы баяндады.

Өз кезегінде ТМД және Моңғолияның ЕИӨА-дан әріптестер 2020 жылдың бірінші жартыжылдығындағы жетістіктері мен коронавирус пандемиясымен күрес шаралары туралы айтып берді.

Кездесу барысында қатысушылар осы кезеңдегі қызметкерлерді қорғау шаралары туралы тәжірибелерімен және пікірлерімен бөлісті, жұмыс орнындағы COVID-19 инфекциясының жұғу жолдарын жіктеу, алдыңғы аттестаттау мерзімі ағымдағы жылы аяқталатын өндірістік нысандарды аттестаттау, оқыту және кәсіби бағдар беру мәселелерін шешу тәсілдерін және т. б. мәселелерді талқылады.

Іс-шара соңында қатысушылар бұдан әрі тәжірибе және жұмыс әдістерімен алмасу мүмкіндігін талқылады және 2020 жылдың келесі тоқсанында кездесуге уағдаласты.

Өзгелердің жаңалығы