Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің бұрын қолданыста болған №68 қаулысының редакциясына сәйкес төмендегідей жұмыс кестесі құрылады. Бұл туралы Санитариялық-эпидемиологилық бақылау комитеті хабарлады.
Қаулыға сәйкес:
Қызыл аймақта қызметкерлердің 80%-қашықтық режимінде, 20%-күндізгі режимде;
Сары аймақта: қызметкерлердің 50%-қашықтықтан, 50%-күндізгі режимде;
Жасыл аймақта: қызметкерлердің 30%-қашықтықтан, 70%-күндізгі режимде жұмыс жасау туралы белгіленген.
Қазіргі уақытта №17 Қаулымен енгізілген өзгерістерге сәйкес қашықтықтан және күндізгі режимде жұмыс істейтін қызметкерлердің пайыздық арақатынасы өзгерген жоқ. Бұл ретте, вакцинациялаудың толық курсын алған адамдарда коронавирус инфекциясына қарсы қорғаныш қабілеті қалыптксқан, сондай-ақ COVID-19-бен ауырып жазылған адамдарда 6 айға дейінгі кезеңге қорғаныш антиденелері болады және олар вакцинациялауға жатпайды - делінген хабарламада.
Осыған байланысты аталған санаттағы қызметкерлердің жұмысын қашықтық форматына көшіру қажет етілмейді.
Қазіргі уақытта қызметкерлерді вакцинациялау барлық мекемеде жүргізілмегенін және екпе алмаған қызметкерлердің әлі де қауіп тобында екендігін ескере отырып, инфекцияға қарсы екпенің толық кезеңінен өткен және соңғы 6 ай ішінде COVID-19-бен ауырған барлық қызметкерлерді күндізгі режимде жұмысқа жіберу туралы шешім қабылданды. Бұл ретте Сovid-19-ға қарсы вакцина салдырмаған және соңғы 6 ай көлемінде вирус жұқтырмаған қызметкерлер қашықтан жұмыс жасау форматына көшіріледі.
Осылайша, Қаулының жаңа редакциясында COVID-19-ға қарсы вакцинаның екі дозасын алған қызметкерлер үшін жұмыс жасау форматына қатысты жеңілдіктер қарастырылған.
Егер “қызыл” аймақтағы талаптарға сәйкес ұйым қызметкерлері үшін 80% - қашықтық режимінде, 20% – күндізгі режим белгіленген болса, бірақ ұйымда қызметкерлердің 90% - ы вакцинацияланған болса, екпе алған барлық қызметкерлерді күндізгі жұмыс режиміне жіберуге рұқсат етіледі, яғни қызметкерлердің 10% - ы қашықтан, 90% - ы күндізгі режимде жұмыс жасай алады. Бұл жағдай басқа аймақтарға да қатысты.
Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің бұрын қолданыста болған №67 Қаулысының редакциясында ұйымдардың, кеңселердің жұмыс талаптарында "қызметкерлер өндірістік қажеттілікке байланысты қашықтықтан жұмыс нысанына ауыстырылады" деп жазылған.