Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматыда барлық жұмыстар Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсыныстарына сәйкес жүргізілуде. Сондай-ақ, ұшақ бортында, әуежай аумағында тексеру шаралары қамтамасыз етілген.
Бұл туралы қала әкімі есептік кездесуінде айтты.
Жиын барысында қала тұрғындары әкімге коронавирусты инфекцияның таралуын болдырмау бойынша қандай іс-шаралар атқарылып жатқанын сұрады.
Біз бірінші күннен бастап жұмысқа кірістік. Әкімдікте жұмыс тобы құрылды, штаб әкім орынбасарының төрағалығымен құрылды. Барлық қызметтер жұмысқа тартылды, - деп жауап берді әкім.
Сондай-ақ, ол қалада дәрі-дәрмек заттардың қоры жеткілікті екенін айтты.
Алғашында бетперделердің барлығы сатылып, халық дүрлікккені белгілі. Бұл ретте бетперде өндірісінің көлемін арттыру бойынша шаралар қабылданды, сондай-ақ сатып алу да жүргізілді. Бүгінде бетперделер саны қалада қажетті көлемде бар, - деді қала әкімі.
Оның айтуынша, бетперде шығаратын кәсіпорындар 3 ауысымда жұмыс істеуге көшкен, одан бөлек кәсіби бетперделер де сатып алынған.
Қытайдан келгендердің барлығын мекенжайы, тегі бойынша тексердік. Бізге жүгінген қызуы бар адамдарды коронавирусқа тексердік. Жағдай қалыпты. Бәрі жақсы болады. Барлық қызметтер жоғары деңгейде жұмыс істеп жатыр, - деді Сағынтаев.